Жаңалықтар

Әскери борышын өтеп жүрген 5 мың сарбаздың несиесі кейінге шегерілді

Әскери борышын өтеп жүрген 5 мың сарбаздың несиесі кейінге шегерілді
Фото: © El.kz 27.10.2023 16:17 758

Бұған дейін қорғаныс вице-министрі кейбір әскерлердің басында өте көп кредит барын айтқан еді. Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеуге байланысты қанша сарбаздың несиесі шегерілді және әскери борышын өтеп болған қанша сарбаз несиесін төлеуге кірісті? Бұл сауалға Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған мәселе бойынша Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин өткен жылы Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесе отырып келісімге қол қойғанын айтты.

Оның аясында әскери борышын өтеген кезде азаматтарға несиелерін төлеу кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданған болатын. Осы бойынша бүгінгі күні тиянақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні әскери борышын өтеп жатқан 5 мыңнан астам сарбаздың 1,4 миллиард теңгеге кредиттері шегерілді. Бұл өте зор мүмкіндік болып отыр. Бірінші кезекте жергілікті әскери басқару органдарына келген кезде олардың басында несиелері бар не жоқ екенін білеміз. Олармен тиісті түрде жұмыс жүргізудің арқасында қазіргі кезде өте көп жеңілдіктер болып жатыр, – деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин.

Демек әскери борышын өтегісі келген сарбаз алдымен жергілікті әскери басқару органдарына келген кезде мойнында несиесі бар не жоқ екенін айту керек.

Сол жерде отырған біздің өкілдер оларға кеңес береді. Яғни егер несиесі бар болса, мынадай өтініш бересіз деген сияқты. Тиісті түрде өзі өтініш бере алады немесе әскерге кетіп қалатын болса, оның туған-туыстары да азаматтың атынан өтініш қалдыра алады. Кейін тиісті түрде жұмыс жүргізілген соң несиесін кейінге шегертуге болады. Сарбаз борышын өтеу кезінде еш алаңсыз болады, – дейді Руслан Жангулин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға