Жаңалықтар

Asia Credit Bank ісі: Forbes-тағы кәсіпкер Орифджан Шадиевтің жазасы жеңілдетілді

Asia Credit Bank ісі:  Forbes-тағы кәсіпкер Орифджан Шадиевтің жазасы жеңілдетілді
Фото: facebook.com/orifdzhan_shadiev 11.08.2023 17:48 2706

Апелляциялық инстанция бұрынғы банкир Орифджан Шадиев пен оның көмекшісі Михаил Соловьевтің жазасын жеңілдетті. Бұл туралы Алматы қалалық соты мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

11 тамызда апелляциялық сот Asia Credit Bank-ке залал келтіру ісі бойынша бірінші инстанцияның шешіміне өзгерістер енгізді. Бұған дейін Орифджан Шадиев бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған болатын, енді оның жазасы ауысып, тек бостандығы екі жылға шектелетін болды. Сонымен қатар ол өмір бойына қаржылық ұйымдарда басшылық қызмет те атқара алмайды, олардың ірі қатысушысы да бола алмайды.

Естеріңізде болса, шілде айында Алмалы аудандық соты Орифжан Шадиев қауіпсіздігі ең төмен колонияда бір жарым жыл жазасын өтейді деп үкім шығарған. Ол «өкілеттігін теріс пайдаланды» деп айыпталған еді.

Көп ұзамай-ақ кәсіпкердің адвокаттары Шадиевке шығарылған үкімге шағым түсіретінін айтқан. Олардың сөзіне қарағанда, сотта адвокаттар келтірген дәлелдер ескерілмеген.

Шадиевке нақты қандай айып тағылды?

Тергеу мәліметінше, 2019 жылы Орифджан Шадиев Asia Credit Bank басшысы Нұрбол Сұлтанмен банк акцияларын сатып алу туралы келісім жасасқан. Алайда ол үшін алдымен бес компанияның несиелерін жабу керек. Шадиев 16,7 млрд теңге болатын қарыз міндеттемелерін мойнына алып, акцияларды сатып алды.

Айыптаушы тарап Шадиев өзінің көмекшісі Михаил Соловьевтің жер учаскесі бар екенін білген және онымен қылмыстық сөз байласқанын алға тартты.

Келтірілген деректер бойынша, екеуі де жеке меншік құқығын және сатып алу-сату шартын қолдан жасаған – жер учаскесінің мақсатын шаруа қожалығынан жеке тұрғын үй құрылысына өзгерткен. Бұл құжаттар бағалаушыға беріліп, ол учаскелердің құнын 46 млрд теңге деп бағалаған. Бұл өз кезегінде AsiaCredit Bank борышкерлерінің кепіл мүлкін жабу үшін жеткілікті еді. Тараптар қол алысып, келісімшарт жасалды.

Банк пен Соловьев арасындағы кепіл келісімшарты бойынша, Соловьев кепіл ретінде берген жер учаскесінің жалған нарықтық құны 46,8 млрд теңгені құрады, ал кепіл құны 23,4 млрд теңге мөлшерінде айқындалды, – делінген үкім мәтінінде.

Осылайша Шадиев пен Соловьев жалған құжаттарды пайдалана отырып жер учаскесінің құнын негізсіз көтерген және сол арқылы AsiaCreditBank-ке 16,7 млрд теңге көлемінде шығыл келтірілген деп санайды тергеушілер.

Бірақ 2021 жылы Шадиев пен оның көмекшісі Соловьев кепілдерді «өтімділігі төмен, тең емес және банктің несиелік және кепіл саясатына сәйкес келмейтін мүлік» учаскесіне ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Сотта кәсіпкер кінәсін мойындады, бірақ банкке залал келтіру туралы арам пиғылы болмағанын алға тартты. Сот бұл істі егжей-тегжейлі қарап барып әділ шешім шығаратынына үмітті екенін де қосты. Соловьев кінәсін жартылай ғана мойындады.

Тәжірибелі «кепілгер»

Бір қызығы, бұл Шадиевтің банк алдындағы міндеттемелерін орындай алмай қалуы бірінші рет емес. Ол Ұлттық банкке 15 млрд теңгеден астам қаражат берешек.  

Орифджан Шадиев 2013 жылдан бастап Capital Bank-тің жалғыз иесі болды, ал 2019 жылы, әлгінде айтқанымыздай, Нұрбол Сұлтаннан AsiaCredit Bank-ті сатып алды.

Шадиев – миллиардер Патох Шодиевтің немере інісі. Патох Шодиев – Eurasian Resources Group (ERG, бұрынғы ENRC), Еуразиялық банк, «Еуразия» сақтандыру банкі және «Еуразиялық индустриялық компанияның» тең иесі.

2017 жылы Ұлттық банк «қалыпқа келтіру шарасы» аясында Capital Bank-ке ақылылық, жеделдік және қайтарымдылық шарттарымен қарыз берді. Ал кепілгер – Орифджан Шадиев.

2021 жылы банк жұмысын тоқтатып, лицензиясынан айырылды. Ұлттық банк кепілгерден берешекті өндіріп алу туралы талап арыз берді.

Ұлттық банк кәсіпкерге қарызды қайтару үшін жеңілдетілген жағдай да жасап берді. Онда бөліп төлеу қарастырылып, тіпті қарыздың бір бөлігі кешірілді де. Бұл шешім Алматының қазіргі әкімі Ерболат Досаев қаржы институтының басшысы болып тұрған кезде қабылданған.  

Бұл жайлы BES.media-да мақала жарық көріп, сонан соң бас прокурор Шадиевке мемлекет тарапынан жасалған ерекше «қамқорлыққа» наразылық білдірді. Содан кейін ғана Ұлттық банк бұл жеңілдікті алып тастады. Яғни бұрынғы миллиардер елге қарызды бірден қайтаруы керек деген шешім шығарылды. Вes.media мәліметінше, қазір бұл іс бойынша қарызды қайтару қызметтері жұмыс істеп жатыр.

Шадиев несімен танымал?

2021 жылы Орифджан Шадиев Forbes журналындағы «Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері» тізімінде 40-орында тұрды. 2018 жылы Forbes Шадиевтің табысын 177 млн долларға бағалаған. 2021 жылғы қазанда оның «Integra Construction KZ» ЖШС (бұрынғы «Жол жөндеуші») және «PRIME System KZ» ЖШС-де үлесі болған. Сол арқылы ол 2016 жылы Todini Costruzioni Generali компаниясын 51 млн еуроға сатып алған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға