Жаңалықтар

«Ашынған, алданған халықтың шыдамы таусылды»: депутат жер қатынастарындағы жемқорлық пен алаяқтық жайлы

«Ашынған, алданған халықтың шыдамы таусылды»: депутат жер қатынастарындағы жемқорлық пен алаяқтық жайлы
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі 20.09.2023 16:31 3376

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында алаяқтық жолмен заңсыз жер рәсімдеп жатқандарға қатысты мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады, хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттық сауал бас прокурор Берік Асыловқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиға, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке бағытталды.

Жер реформасын бастап жатырмыз, жер саласындағы цифрландыруға кірістік. Бұл, әрине, құптарлық іс, бірақ та еліміздің барлық төңірегінде жер саласындағы жемқорлық пен алаяқтық істер өршіп кеткен. Қай-қайсысын алсақ та, халықтың жермен байланысты зары жергілікті прокурордың, ішкі істер органдары қызметінің шикілігі, әрекетсіздігі және кей жағдайда тікелей араласуы салдарынан болып отыр, – деді депутат.

Мәжілісмен бұған қатысты бірнеше мысалды келтірді. Мәселен, Түркістанда Мәншүк Сыздықова атты кәсіпкердің жері мен бизнесіне тиесілі мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу барысында өтемақы қаржыны алаяқтық іс жасаған азаматтар жалған сенімхаттың негізінде қолды қылып, соттың заңды күшіне енген шешіміне қарамастан, Түркістанның ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғауға асығар емес.

Сорақысы, Түркістан қаласы әкімдігінің шенеуніктері алаяқтармен өзара ауыз жаласуы болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданын алыңыздар, 2009 жылдары шығарылған шешімдер салдарынан «Балуан» СК ЖШС-де 286 жуық жер үлескер 4985 гектар жерінен заңсыз айырылған. Қазір қылмыстық іс қозғалса да, күдіктілер бостандықта емін еркін жүр, - деді.

Сонымен қатар соттар бұрынғы әкімнің шешімін заңсыз деп тануға асықпайтынын да тілге тиек етті.

Соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша жалпы жиналыстың шешімі заңсыз деп танылса да, соттар бұрынғы әкімнің шығарған заңсыз қаулысын бұзуға асықпайды. Ал сол қаулыларға қол қойған бұрынғы әкім қазіргі таңда Үкіметтің құрамында вице-министр қызметін атқарып жүр. Жалпы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарында күмәнді жолмен жерді иеленіп алған жер иелері мен жер үлескерлерінің арасындағы шиеленістің ушығып кеткені соншалық, халыққа қарсы автоматпен оқ ату, үлескерлерді үйлерінің алдында күзетіп ұрып-соғу, өлтіру туралы қорқыту әрекеттері ушығып кетті, – деді депутат Бақытжан Базарбек.

Депутат «Ашынған, алданған халықтың шыдамы таусылды. Енді ес жимасақ, барлығымыздың жағдайымыз мүшкіл болады», - деп үн қатты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға