Жаңалықтар

Әшімбаев съезге келген дін лидерлерімен кездесті

Әшімбаев съезге келген дін лидерлерімен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 10.10.2023 23:09 874

Парламент Сенатының төрағасы – съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген дін лидерлерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесулерде тараптар дінаралық және конфессияаралық диалогты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Кавказ мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Пашазадемен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев аталған діни басқарманың Съезд мақсаттарына қол жеткізуге айтарлықтай үлес қосқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Әзербайжан Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі екеніне назар аударды. Бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына, ең алдымен, Мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі өзара қарым-қатынасы ықпал етіп келе жатқаны да айтылды.

Біздің елдеріміз бен халықтарымызды ғасырлармен өлшенетін берік достық, ортақ тарих, дәстүр және мәдениет байланыстырады. Қазақстан сіздің елдің барлық жетістігін әрдайым шынайы қуанышпен қабылдайды. Былтыр біз екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өттік. Осы жылдар ішінде көптеген салада мемлекетаралық ынтымақтастық нығая түсті. Бұған екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің тұрақты байланыстары мен уағдаластықтары ықпал еткені сөзсіз. Осы орайда дінаралық диалогты дамыту жұмыстарын да бірлесіп жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін, – деді съезд хатшылығының басшысы.

Қасиетті Тақтың дінаралық диалогы жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесуде Мәулен Әшімбаев Съезд Хатшылығы мен Қасиетті Тақтың өзара іс-қимыл перспективаларына назар аударды.

Біз съезге тұрақты түрде және белсенді қатысып келе жатқаныңыз үшін, сондай-ақ, Форумның мақсаттарына қол жеткізуге Қасиетті Тақтың елеулі үлес қосқанына ризашылығымызды білдіреміз. Ватиканның бейбітшілікті сақтау, мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты дамыту жөніндегі қызметін әрдайым жоғары бағалаймыз. Рим Папасы Францисктің былтыр қыркүйекте Қазақстанға жасаған Апостолдық сапары екіжақты қарым-қатынас тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Съезд хатшылығы дін көшбасшыларымен ғана емес халықаралық ұйымдармен де өзара іс-қимылға баса мән беріп келеді. Сенат төрағасы Дүниежүзілік Ислам лигасы бас хатшысының орынбасары, доктор Абдурахман Абдулла Әл-Зайдпен кездесуде осы бағыттағы бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Қазақстан Дүниежүзілік Ислам лигасының дінаралық және конфессияаралық диалогты дамыту жөніндегі қызметін әрдайым жоғары бағалайды. Біз Дүниежүзілік Ислам лигасын бейбітшілікке шақыратын саясатты жақтаушы және жаһандық дінаралық диалогқа белсенді қатысушы ұйым ретінде танимыз, – деді Палата спикері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға