Жаңалықтар

Асхат Оралов Қазақстанға келген шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті

Асхат Оралов Қазақстанға келген шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті
Фото: t.me/askhat_oralov_online 24.08.2023 18:17 578

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Қазақстанға келген танымал шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Қазақстан туралы өз елдерінде ақпарат жариялайтын журналистер қауымымен отандық туризмді дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Біздің елімізге 10 елден журналистер келді. Бұл Бельгия, Германия, Катар, Сауд Арабиясы, Мексика, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия және АҚШ. Көріп отырғаныңыздай, географиялық ауқымы өте кең және әртүрлі. Біз үшін мұндай кездесулер - бюджет қаражатын жұмсамай, Қазақстанды туристік дестинация ретінде шетелде ілгерілетуге арналған жақсы мүмкіндік, - деп жазды министр.

Қонақтар қазақстандық туризмге үлкен қызығушылық танытты, көптеген қызықты сұрақтар қойып, тіпті ұсыныстар да айтты.

Журналистерді еліміздің туризміне қай елдер көбірек инвестиция салатыны, сондай-ақ негізгі дестинацияларда инфрақұрылымды дамыту жоспарлары, логистика және тіпті спорт мәселелері қызықтырды. Мысалы, олар параспортшыларымыздың халықаралық жарыстардағы жетістіктерінің құпиясы туралы сұрады. Мен Қазақстанның 10 басты туристік бағыты, маңызды көрікті жерлер және оларды алдағы уақытта дамытуға ниетті екенімізді айттым. Сондай-ақ, қонақтардың назарына «Kazakh Tourism ҰК» АҚ-ның еліміз туралы және басты туристік орындар туралы мәнді ақпараты бар видеоролик пен презентация ұсынылды, - деп жазды Асхат Оралов.

Кездесуден кейін көп ұзамай шетелдік қонақтар Түркістанға, содан кейін еліміздің басқа өңірлеріне барып, туған отанымыз туралы білгендерін өз отандастарына таныстырады. 

Кездесу соңында министр журналистерді келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға