Жаңалықтар

Асаба Нұрсұлтан Назарбаев жайлы не білесіз?

Асаба Нұрсұлтан Назарбаев жайлы не білесіз?
Фото: Ақорда 12.02.2024 18:19 1657

Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тамадалық қасиеті туралы айтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кітапта Өзбекәлі Жәнібектің ұлы Ниетжен Өзбекәліұлының естелігі келтірілген. Ниетжен Өзбекәліұлының сөзіне қарағанда, оның үйлену тойында Нұрсұлтан Назарбаев асаба болған.

1975 жылы үйлендім. Әлі есімде, тойдың бірінші бөлімінде Мұхтар Шаханов тамада болды. Бірақ ол баяу сөйлейтін болған соң тойды қыздырып әкете алмады. Жақсы ақын болғанымен, мықты тамада емес екен.

Екінші бөлімде тамадалық тізгінді Нұрсұлтан Назарбаев алды. Ол нағыз асаба екен. Елдің бәрін күлдіріп, отырысты қайнатып жіберді. Жануардың жүріс-тұрысын салып, анекдот айтып, қонақтарды күлкіге қарық қылды. Ойын ойнатып, ешкімнің ішін пыстырмады. Әсіресе әйелдер жағы тамадаға риза болғаны сонша: «Шіркін, қандай жігіт! Міне, нағыз азамат!» деп оның өнеріне қол соғып, аузының суы құрып әңгімеледі. Нұрсұлтан барлық қонаққа ерекше әсер қалдырды, - деген ол.

Айта кетейік, биыл ғана жарық көрген кітапта мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің қызметі мен болмысына талдау жасалған. Қазақтың біртуар ұлы жайлы естеліктер мен оқиғаларды сараптай отырып, оның мәдениет саласындағы жанқиярлық күресі баяндалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға