Соңғы уақытта Қазақстанда концерттер мен түрлі бұқаралық іс-шараларға билет сатып алу кезінде алаяқтарға алданып қалу жағдайлары жиілеп барады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын күмәнді ұсыныстар көбейген. Осыған байланысты Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтарды барынша сақ болуға шақырып, арнайы ескерту жасады.
Polisia.kz порталының мәліметінше, интернетте билеттерді қайта сату немесе «делдал» арқылы алып беру қызметін ұсынатын хабарландырулар саны артқан. Алаяқтар көбіне танымал концерттер мен сұранысқа ие іс-шараларды пайдаланып, «соңғы билет», «арзан баға», «шұғыл сату» деген сынды айла-тәсілдермен адамдарды сендіріп, ақша аудартуға тырысады. Кей жағдайда олар жалған электронды билеттер жіберсе, енді бірінде мүлде билет ұсынбай, байланысын үзіп кетеді.
Мұндай жағдайларда азаматтар ақшасын аударғанымен, іс-шара күні келгенде залға кіре алмай, сан соғып қалып жатады. Яғни, бір қарағанда тиімді көрінген ұсыныс ақыры қаржылық шығын мен көңіл қалуға әкеледі.
ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек азаматтарға билеттерді тек ресми және тексерілген платформалар арқылы сатып алуды қатаң түрде ұсынады. Оның айтуынша, интернеттегі бейтаныс адамдарға сеніп, алдын ала ақша аудару – ең жиі кездесетін қателіктің бірі. Сонымен қатар, министрлік өкілдері күмәнді аккаунттар мен жалған хабарландырулар көбейгенін, сондықтан әрбір ұсынысты мұқият тексеру қажет екенін атап өтті.
Билетті қалай қауіпсіз сатып алуға болады?
ІІМ хабарлауынша, билеттерді тек ресми әрі сенімді сервистер арқылы сатып алған жөн. Мәселен, Zakazbiletov.kz, Tiketon сияқты платформаларды пайдалану ұсынылады. Сондай-ақ іс-шара түріне қарай билетті ұйымдастырушылардың тікелей өзінен сатып алу да қауіпсіз нұсқалардың бірі саналады.
Мамандардың айтуынша, бірнеше қарапайым ережені сақтау арқылы мұндай алаяқтықтан оңай қорғануға болады. Ең алдымен, белгісіз сайттар мен әлеуметтік желідегі жеке сатушыларға сенбеу керек. Әсіресе «арзан билет» немесе «соңғы билет қалды» деген сияқты асықтыратын ұсыныстарға күмәнмен қарау қажет.
Сонымен қатар, бейтаныс адамдарға алдын ала толық төлем жасауға болмайды. Егер сатушы шұғыл ақша аударуды талап етсе немесе тек аударым арқылы ғана жұмыс істейтінін айтса – бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Электронды билет сатып алған жағдайда оның түпнұсқалығын тексеру де маңызды. Яғни, билетте QR-кодтың немесе арнайы бірегей нөмірдің бар-жоғына назар аудару керек. Егер мүмкіндік болса, билет сататын ресми сервис арқылы қайта тексеріп алған дұрыс.
Тағы бір маңызды жайт – сатушы туралы ақпаратты қарау. Пікірлерін, рейтингін, бұрынғы сатылымдарын тексеру арқылы да қауіптің алдын алуға болады. Ал күмән тудыратын жағдай болса, бірден мәміледен бас тартқан жөн.
ІІМ өкілдері азаматтарды асығыс шешім қабылдамауға және әрбір ұсынысты мұқият саралауға шақырады. Себебі алаяқтардың басты қаруы – адамның сенімі мен асығыстығы. Ал қарапайым сақтық – сіздің ақшаңыз бен көңіл күйіңізді сақтап қалудың ең тиімді жолы.