Жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды

Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды
Фото: ©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ 20.06.2023 18:04 1473

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын сот 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды El.kz.

Бұған дейін прокурор 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Осы баптар бойынша мүлкін тәркілемей, мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынамын, - деді прокурор.

Бұрынғы шенеунікке ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың түрлері) және 189-бабы 2-тармағының 4-бөлігі (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылды.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы жазаны өтеу мерзімінде қамауда ұстау уақытын есепке алуды және Мұхамедиұлынан жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 АЕК (2020 жылғы стандарттар бойынша) өндіріп алуды ұсынды.

Қамауға алудың бір күнін орташа қауіпсіздік мекемесінде бір жарым күн ретінде санау керек, - деді прокурор.

Сонымен қатар прокурор президентке сотталушыдан «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағынан, «Құрмет» орденінен, сондай-ақ «Парасат» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізу қажет деп есептейді.

Айта кетейік, сотталушылар орындығында тағы үш адам – Алмаз Нұразхан (Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары), Азамат Көшенов (EXPONAT ЖШС директоры) және Айым Сәдуақасова (EXPONAT ЖШС бухгалтері) бар. Мемлекеттік айыптаушы оларды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылардың ешқайсысы кінәсін мойындаған жоқ.

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А.Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Бұдан бұрын Арыстанбек Мұхемадиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын айтқан болатын.

Сондай-ақ сотталушы Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды өтінді. Айтуынша, актер ол туралы «жалған ақпарат берген». Сотталушы не үшін екенін сұрап, Жаманқұловқа хат жазғанда актер «сені танымаймын» деп жауап берген-мыс.
 
Алайда прокурор Зәкіров «оны шақырудың қажеті жоқ» деген болатын. Судья ақыры Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, Көшеновтың өтінішін қанағаттандырмады.

Сондай-ақ судья Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуге де келіспеді.

16 мамырдағы сот отырысында экс-министр прокурорға шүйлігіп, оны қызметінен алып тастауды талап етті.

22 мамырда бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан куәгер ретінде жауап алынды.

Ал 23 мамырдағы отырыста адвокат Әйгерім Әнуарбек бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтты.

24 мамырдағы сот отырысында азапталғанын мәлімдеген Мұхамедиұлы психологтың көмегін талап етті.

Сондай-ақ жауап алу кезінде экс-министр өзіне қарсы істің ойдан шығарылғанын және тек қаржылық мүдде үшін, ең алдымен, «Дипломат» қонақ үйіне байланысты қозғалғанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға