Артық төлемсіз айыппұл: депутаттар қандай өзгеріс ұсынды

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Қазақстанда атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы ұсынылды. Мәжіліс депутаттары азаматтарды артық шығыннан қорғап, жеке сот орындаушыларының қызметін қатаң бақылауды көздейтін кешенді өзгерістерді талқылауда. Басты мақсат – жүйені ашық, әділ әрі тиімді ету.

Айыппұл төлеу жеңілдейді: жаңа өзгерістер қандай

Бүгінде бұл салада бірқатар мәселе бар. Азаматтарға түсетін қосымша қаржылық жүктеме мен жеке сот орындаушыларына бақылаудың әлсіздігі жиі сынға алынады. Осыған байланысты депутаттар кешенді түзетулер әзірледі.

«Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын «AMANAT» партиясының депутаты Дмитрий Колода таныстырды. Оның айтуынша, құжат 2025 жылғы Үкімет сағатында көтерілген ұсыныстар негізінде әзірленген.

Негізгі басымдық – азаматтардың құқығын қорғау. Осы мақсатта жеңілдетілген өндіріп алу тетігін кеңейту ұсынылып отыр. Бұған дейін 20 АЕК-ке дейінгі айыппұлдар мен салық берешегін жеке сот орындаушыларынсыз өндіру мүмкіндігі енгізілген болатын.

Бұл тәжірибе оң нәтиже берді. 2025 жылы шамамен 500 мың іс ерікті түрде орындалып, азаматтар 2,4 млрд теңгеге жуық қаржысын үнемдеді, – деді депутат.

Енді бұл шекті 40 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл көпшілікке қосымша шығынсыз берешегін өтеуге мүмкіндік береді.

Заң жобасында бұдан бөлек те маңызды өзгерістер бар. Мәселен, борышкерді тұрғын үйден шығару туралы шешім кемінде 10 күн бұрын ескертілуі тиіс. Белгіленген мерзім өткен соң мәжбүрлеп орындату шараларын тоқтату, ал баламен араласу тәртібіне қатысты істер бойынша азаматтарды борышкерлер тізімінен шығару да қарастырылған.

Жеке сот орындаушыларына бақылау күшейеді

Жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Енді олар міндетті түрде аттестациядан өтеді.

Қайта аттестациядан өтпеген жағдайда лицензиясының күші жойылады, – деп атап өтті Дмитрий Колода.

Көмекшілер мен тәжірибеден өтушілерге қойылатын талаптар да күшейтіледі. Ал әділет органдары жеке сот орындаушыларының жұмысын мұқият бақылап, қажет болған жағдайда олардың банк шоттары бойынша мәлімет сұрата алады.

Сондай-ақ жүйені цифрландыруға басымдық беріледі. Рәсімдерді жетілдіру аясында сатылымға шығарылған мүлікті электронды сауда арқылы өткізу жүйесін жаңарту және сот орындаушыларының әрекетіне шағымдану тәртібін жеңілдету ұсынылады.

Депутаттардың айтуынша, бұл өзгерістер қабылданса, өндіріп алу процесі ашық әрі тиімді бола түсіп, азаматтардың құқығы жақсырақ қорғалады.

 

Оқи отырыңыз