Артық шығынсыз: әуе билеттерін қай күндері сатып алған тиімді

 ©El.kz/Артем Чурсинов
Фото: ©El.kz/Артем Чурсинов

Арзан әуе билетін табу – бүгінде нағыз «лотереяға» айналған. Бір бағыттың бағасы күніне бірнеше рет өзгеруі мүмкін, ал бір рейстің құны кейде бірнеше есе айырмашылықпен сатылып жатады, деп хабарлайды Daily Express.

Сарапшылар билет бағасы қашан арзандайтынын және қандай тәсілдер шынымен тиімді екенін түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, тиімді ұсыныстар көбіне дүйсенбі кеші мен сейсенбі таңында пайда болады. Money Saving Expert (MSE) сервисінің сарапшылары дәл осы уақытта әуе компаниялары жеңілдіктер мен арнайы акцияларды жиі жариялайтынын айтады.

Skyscanner мәліметінше, аптаның басында сұраныс салыстырмалы түрде төмен болады. Сондықтан авиакомпаниялар бос орындарды тезірек сату үшін бағаны түсіруі мүмкін.

Әдетте аптаның соңына қарай сұраныс өсіп, билет бағасы қайта қымбаттай бастайды, – дейді MSE сарапшылары.

Ұшқыштар кабинасы

Алайда мамандар «ең арзан күн» деген нақты ұғым жоқ екенін ескертеді. Себебі билет құнына бірден бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында бағыт, маусым, авиакомпаниялар арасындағы бәсеке, туристік сұраныс және жалпы экономикалық жағдай бар.

Саяхатшылар арасында: «адам бір рейсті бірнеше рет қараса, жүйе бағаны әдейі көтереді» деген кең тараған пікір бар. Бірақ Skyscanner мұның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Компания мамандарының айтуынша, іздеу тарихының өзі билет бағасына әсер етпейді. Бағаны арнайы алгоритмдер автоматты түрде өзгертіп отырады. Жүйе сұранысты, сатылым қарқынын, бос орын санын және басқа да көрсеткіштерді талдайды. Сондықтан билет бағасы кейде күрт өсіп кетсе, кейде күтпеген жерден арзандауы мүмкін.

Әуе билеттерінің бағасы сұранысқа, маусымға және бағытқа қарай үнемі өзгеріп отырады. Нақты «ең арзан күн» жоқ. Бірақ дұрыс құралдарды пайдалану арқылы тиімді ұсыныстарды бақылап отыруға болады, – дейді сарапшылар.

Skyscanner дерегінше, билет бағасының арзандауына көбіне үш себеп әсер етеді. Біріншісі – рейске билеттер жоспардағыдай сатылмай қалуы. Екіншісі – біреудің броньнан бас тартып, орындардың қайта сатылымға шығуы. Үшіншісі – авиакомпанияның уақытша акция немесе жеңілдік жариялауы.

Әсіресе туристік маусым төмен кезеңдерде тиімді ұсыныстар жиі кездеседі.

Мамандар артық шығын болмау үшін бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді.

Ең алдымен, сапар күнін икемді жоспарлау маңызды. Сарапшылар сейсенбі және сәрсенбі күндері ұшқан тиімді екенін айтады. Ал мереке күндері билет бағасы айтарлықтай қымбаттайды.

Сонымен қатар әуе компанияларының акцияларын бақылап, баға өзгерісі туралы хабарламаларды қосып қойған дұрыс. Кейде «қате тарифтер» немесе қысқа мерзімді жеңілдіктер арқылы билетті өте арзан бағаға алуға болады.

Билет іздегенде тек бір сайтпен шектелмеген жөн. Сарапшылар кем дегенде екі агрегаторды салыстыруға кеңес береді. Өйткені авиакомпанияның ресми сайтындағы баға міндетті түрде тиімді болады деген қағида жоқ.

Кезек күту

Тағы бір тиімді тәсіл – транзитпен ұшу. Кей жағдайда бөлек-бөлек сатып алынған немесе бірнеше аялдамасы бар рейстер ұзақ сапарларда жүздеген еуроны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ мамандар ең арзан тарифке бірден сеніп қалмауға шақырады. Себебі бастапқы бағаға багаж, орын таңдау немесе қосымша қызметтер кірмеуі мүмкін. Соның салдарынан «арзан билет» соңында әлдеқайда қымбат болып шығуы ықтимал.

Оқи отырыңыз