Жаңалықтар

Арқалықтың көркі – боксит кеніші еді

1970-1990 жылдар аралығында тұтас КСРО-дағы боксит кенінің 20 пайызын осы кеніш беріп тұрды
Арқалықтың көркі – боксит кеніші еді
Фото: kazgazeta.kz 09.11.2022 16:54 3137

Ахаң мен Жахаңдай, Амангелді мен Кейкідей, Нұрхан мен Сырбайдай алыптарды дүниеге әкелген Торғай өлкесін әңгіме еткенде Арқалық қаласын айтпай кету мүмкін емес. Іс-сапар барысында көп нәрсеге көзіміз жетті. Көп дүниеге назарымыз ауды.

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, Торғайдың боксит кеніші Арқалық қаласының тарихымен тікелей байланысты. 1950-1960 жылдары өңірден боксит кен орындары табылысымен әкімшілік орталық ретінде шағын шаһар салынған-ды. Өндірістің дүрілдеп тұрған кезінде 1970-1990 жылдар аралығында тұтас КСРО-дағы боксит кенінің 20 пайызын осы кеніш беріп тұрды. Сондай-ақ сол кезеңде өңірде 80 млн тоннаға дейін алюминий кені өндіріліпті. Боксит өндірісі тоқтады, енді Арқалық қаласы жабылып қалады деуден аулақпыз. Себебі кезінде үлкен кеніш болғанымен, қазір онда жұмыс істеген тұрғындардың саны 600-дің үстінде ғана. 90-жылдардың басында Торғай облысы таратылып, Қостанайға қосылған соң, өндіріс те тоқырағаны рас. Арқалықтың байырғы кенші-тұрғындары үлкен қалаларға көшіп, халық саны 70 мыңнан 27 мыңға күрт азайды. «Шағын қалаға маңайдағы ауылдардан адамдар көшіп келмегенде қала халқы бұдан да азайып кетер еді» дейді жергілікті тұрғындар. Десе де, қала бюджетіне түсетін салықтың 11 пайызы боксит өндірісінің үлесінде болып келгенін есепке алсақ, тұйықта жатқан шаһар едәуір қаржыдан қағылары анық.

Бүгінде Арқалықтың өз басында 20 мыңнан аса тұрғын болса, қаланың құрамына кіретін 16 ауылдық округтің халқын қоса санағанда 42 мыңнан аса адам бар. Халық өз бетінше тырбанып тіршілік кешуде...

Арқалықта боксит өндірісі тоқтайтыны туралы әңгіме ел аузында ертерек басталғанымен, ресми ақпарат 2014 жылы шыққан. Парламент Мәжілісінің отырысында шағын қалаларды дамыту мәселесі қаралғанда (ол жылдары бұл тақырып көп қозғалатын) сол кездегі Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау енді сегіз жылдан кейін Арқалықта боксит өндірісі тоқтайтынын мәлімдеген. Айтқаны айдай келді. Айтпақшы сол жолғы отырыста Арқалықта барланған бокситтің сегіз жылға ғана жететін қоры қалғанын, одан кейін қаланы қалыптастырушы кәсіпорынға кететіні айтылған еді. Тап солай болды да. Альберт Рау Арқалықтан 100 шақырым жерде млрд тонна темір рудасы табылғанын, егер боксит жабылса, кеншілерді вахталық әдіспен аталған кенішке орналастыруға болатынын мысалға келтірген. Одан әзірге хабар жоқ. Депутаттар сол отырыста егер Арқалықтан кәсіпорын кетсе, қаланың ары қарай өмір сүруінің өзі күмәнді болмақ деген мәселе көтергені есімізде. Сол күмән тұманы әлі сейілмей тұр. Ұзын сөздің қысқасы 2021 жылы Арқалық қаласындағы тау-кен өндіретін кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Торғайдың боксит кеніші жабылғасын, 600-дің үстіндегі қызметкер жұмыссыз қалған.

«Боксит жабылды. Енді өнім жоқ. Былтыр жұмыс тоқтатылып жұмысшылары қысқартылды. Қазір қазған жерлерді көмуге 126 адам қалдырылды техникаларымен. Эвакуациялық жағдай.  Ал бокситтің жабылуы – қорының біткенін білдіреді. Негізгі иелері ЭНЕРЖИ компаниялары зерттей келе қалған бокситті тиімсіз деп жариялады. Сол себепті жұмыс тоқтатылды. 2020  жылы қаңтар айында 681 адам жұмыс істеген кеніште. Қазіргі таңда сол адамдарды жұмысқа орналастыру жалғасып жатыр. Бұл өзі облыс әкімінің назарында, қадағалауында.  Бүгінге дейін 681 адамның Арқалық РЕМСЕРВИЗ-ге 87 адамы жұмысқа тұрды. Альюминстройға 40 адам жұмысқа тұрды.  Торғайплазада 16 адам жұмыс істеуде.  Алдағы уақытта біз жоғарыда  атаған  компаниялар облыс әкімінің бұйрығына сәйкес жұмыссыз қалған адамдарды өз қарамақтарына алады. Жалақы мәселесі де тиімді шешілмек. Ол үшін жұмысшылардың ТБРУ-да алған жалақылары сақталады. Үш жыл бойы. Яғни, айлық жалақы 150 мыңнан төмен болмауы тиіс!

Тағы да жұмыстан қысқарған 125 адамды ТБРУ өздерінің басқа жердегі компнаияларына алып кетті. Лесаковск, Павлодар қалаларына.  Сосын көшіп кеткендер бар. 71 адам жұмыссыздар санатында тіркеуде тұр. Оларға біз жұмыс ұсынып жатырмыз. АТФ, Алюмининстрой, «Нұржайлау», «Нұрсал» деген шаруақожалықтары да жұмыс ұсынып жатыр. Бірақ қазір жұмыссыздар есебінде тіркеуде болғандықтан олар  алты ай жәрдемақы алып барып іске кірісуді көздеп отыр шамасы. Бұл мәселені өзім жіті қадағалап отырмын. Арнайы бөлінген адамдар жұма сайын есеп береді маған.

ТБРУ-дың жұмысы тоқтағалы салық та азайды. Бұрын 681 адам ол жерде жұмыс істесе, қазір 126 адам қалды. Өзіңіз шамалай беріңіз.

Арқалықтан жұрт үдіре көшіп жатыр дегенге өз басым келісе алмаймын. Себебі үй бағасы қымбат. Өткенде бір кісілер айтады үй жалдайық десек, квартира таба алмадық деп. Енді өмір болғаннан кейін біреу көшіп, біреу келіп жатуы табиғи заңдылық қой. Арқалықта жұмыс істеймін деген адамға жұмыс жетеді. Бізде қазір 130-150-дей факандтық қызметтер тұр. Тракторға да, Камазға да. Жастарға даяшы, кассир болуға да мүмкіндік зор. Бізге бухалтер де керек, өзге де мамандыққа сұраныс көп», – дейді Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлы Асанов.

«БОКСИТ ҚОРЫ ТЕРЕҢДЕ ЖАТЫР»

«Арқалықтағы боксит қоры таусылды» деген қауесет сайын даланы бөкендей кезіп жүр. Бұл өзі шындық па? Сөйтсек мұның астарында бір гәп бар секілді. Халық айтса қалт айтпайды ғой. Ең басты проблема - боксит жер қыртысының тереңінде жатыр. Оны қазып алуға көп қаржы керек. Сосын кеңестен қалған техникалар ескірген, жаңа техника сатып алуға, боксит өндіруге арналған қондырғыларды жаңартуға инвесторлар құлықсыз. Себебі шығынның орны толу үшін ондаған жылдар керек. Он жыл түгілі, алдағы он күні күмәнді бай-бағыландар көзді жұмып жіберіп тәуекел етуге бара алмай отыр. Күні ертең шетел асып жатса, қып-қызыл ақшалары желге ұшарын бізден жақсы біледі.

Ал әлемдік нарықта бағасы алтынға пара-пар, бокситпен жапсарлас жер қыртысында жатқан саз балшыққа ешкім назар аударғысы келмейді. Оны өндіріп жатсақ  қаншама адамға жұмыс табылып,  мемлекет бюджеті де қампая түсер еді...

Арқалық сапарында қала әкімімен болған келелі әңгімеден кейін халықпен де жүздестік. Бәрінің айтатыны, ТБРУ кенішінің жабылуы төңірегендегі алып-қашты сөздер. Осы орайда  тау-кен инженері, қазір зейнет жасындағы Кеңес Садуов ақсақалды сөзге тарттық. 

«Мен бұл ТБРУ-да 24 жыл жұмыс істедім. Одан кейін басқа салаға ауыстым. Бұл кеніште 24 жыл жұмыс істегендіктен боксит қоры қалай анықталғанын білемін. Қанша жылға жетуі керектігінен де хабарым бар. Айтайын дегенім, сонау жылдары белгіленген қор толығымен ақталған жоқ. Оның себебі, кейбір жерде бакситтің жатпауынан. Жер асты қазбаларында баксит неше түрлі жер қыртысындағы металдармен жапсарлас жатады. Мысалы қияр секілді имек, қарбыз тәрізді жұмыр орналасуы да мүмкін. Жер жаңғақ сияқты шашыраңқы жататындары да болады.  Бұларды тереңнен алу біздің Арқалық үшін кезінде өте қиын болды. Бірақ, обалы нешік, өзімізге керекті бокситтерді алдық.  Боксит кенішін қазу  1956 жылдан басталады. Былтыр 2020 жылы боксит жұмысын тоқтатты. 64 жыл қазба жүрді. Қазір жобасын толық білмеймін, бірақ, баксит қоры 70-80 жылға есептеледі. Демек, меніңше, тереңде әлі боксит қоры бар. Үш жерде шамалауымша. Олар қазып алуға қиындық туғызады бірақ. Қиындық туған сайын, қаржы да көп керек тағы. Сол себепті инвесторлардың өз ойлары болған шығар. Олар қайтсе де тез пайда түсуді көздейді ғой. Артық шығыннан не пайда оларға?

Егер инвесторларды сөйлетсеңіз, олардың айтар уәжі белгілі. «Алуға қиын. Өте тереңде. Қауіпті. Тәуекел ету үшін ескі техникалардың бәрін жаңалау керек. Көп ақша салу керек» дгенді айтады. Бокситтің құндылығы жайлы айта кетейін. Негізі қазір бокситтің құндылығы төмендеді. Қазып алу тереңдеді. Қиындық көп. Бұл да боксит кенішінің жабылуына басты фактор. Арқалықта алынатын шикізат боксит деп қана айтылады. Ал одан алынатын саз (глина) есепте жоқ. Саз бокситке барар жер қыртысында жолай кезіккен дүние. Оған қазір ешкім назар аудармай жатыр. Саздың қоры жеткілікті. Саз қоры бәлкім бізге 100-200 жылға жетіп қалуы мүмкін. Инвесторлардың негізгі өнімі боксит болғандықтан сазға ауысқылары келмейді. Неге десеңіз, ол үшін қайта жоба жасалуы тиіс. Қайтадан қаржы бөлінуі керек. Мехнаты көп...

Өз басым маман ретінде боксит таусылды дегенге сенбеймін. Оған дәлелім де жеткілікті.

Ал сазбалшық туралы ойым мынау. Сазбалшық әлемдік сұранысқа ие. Оны ары қарай жалғастырып өндіру – Арқалық қаласына жаңа серпін беріп, жаңа жұмыс көзінің ашылуына себесін болар еді. Оған керек жобалардың бәрі дайын. Баяғыда Алматының политехникалық институтында істеген бір профессор осында келіп, кенішпен таныса келе былай дегені есімде: Бокситті сазға ауыстырайық. Саздың жобасын біздің институтта диплом жазған, ізденген мамандардың жазбаларымен толықтырайық. Сонда кеніштің болашағы жарқын деген. Бірақ ол қолдау таппады.

Арқалықтың сазын алатын ел көп. Көршіміз Ресей қуана сатып алады.  Өйткені олардың бірнеше зауыты біздің сазға тәуелді. Шетелге де шығаруға мүмкіндік зор. Кезінде Руминияғы, Венгрияға, Германияға, Чехославакияға жібердік қой сазбалшықты. Шындықты айтайын, ол елдерге ең төменгі сападағы сазбалшықтарды жөнелттік. Жоғары сұрып өзімізде қалды. Ол жұмыс одақ ыдырағаннан кейін тоқтап қалды. Оны жалғау ешкімнің ойына келер емес. Саз – құрылыс материалына жатады. Сосын қазіргі жаңа технология арқылы саздан алюминий алуға болады. Сазда алюминий мен кремний көп, темір аз.  Кремний көп болғандықтан оны өңдейтін технология бізде болмай тұр. Кремний отқа төзімді метал. Екі мың температураға шыдайды. Жер астында әртүрлі сападағы саздар тізбегі жатыр. Оларды саралап қана бағасын бере аламыз. Ол үшін Үкіметтің қолдауына зәруміз. Тұнып тұрған байлықты кәдеге қашан жаратар екенбіз, ә?

Сөз соңында айтарым, инвесторлар бокситті жабуға мүдделі болуының астарына үңілсек көп нәрсені аңғаруға болады. Бірінші, жаңа жоба жасауға құлықсыз. Одан келер пайда да бұлыңғыр. Өйткені кез келген жоба – бірнеше жылсыз қомақты пайда әкелмейді. Бірден табыс түскенге үйреніп қалғандар тәуекел жасауға қорқады.

Екінші, кеңестен қалған техникалардың бәрі ескірген. Оны жаңалауға да көп қаржы керек. Кеңестен қалған дайын техникалардың қызығын көріп, енді ол «қажығанда» инвесторлар да жалт беріп отыр.

Үшінші, қазба байлық тереңде жатыр. Оған бойлау үшін тағы қосымша шығын кетеді. Тайыздан алып, байлыққа белшеден батқандар, тереңге телміргісі келмейді» дейді бұрынғы тау-кен инженері.

Жақсы сөз жарым ырыс.  Біздікі іс-сапар барысында Арқалық тұрғындарын толғантқан мәселені көптің назарына ұсыну. Көзбен көргенімізді көпшіліктің талқысына салу ғана.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға