Жаңалықтар

Арқада Ақсұлудай ақын өткен...

Арқада Ақсұлудай ақын өткен...
Фото: ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ 26.06.2023 13:00 1352

Биыл тарихта аты қалған айтыс ақыны Ақсұлу Орысбайқызының туғанына 150 жыл. Осы мерейтойға орай, туған жері – Қостанай облысының Жітіқара ауданында ақындар аламаны өтті. «Айтыстың Ақсұлуы» атты облыстық айтыста өңір ақындары әйгілі тұлғаның асыл мұрасын, талайсыз тағдырын өлеңге қосты. Кенді өлкенің кешегісі мен бүгіні, табысы мен кемдігі де жырға арқау болды...

Осы жұрт Ақсұлуды біле ме екен?

Тарихқа үңілсек, ілгеріректе қазақ даласында он алты айтыскер қыз өткені айтылады. Солардың бірі де бірегейі – Ақсұлу Орысбайқызы. Ол 1873 жылы Жітіқара ауданының Басқарау ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан. Балғожа әулетінде өсіп-өнген. Әкесі Орысбай да өз заманында сал-сері болған еті тірі жан екен. Ақсұлудың сауат ашып, суырыпсалмалық қабілетінің шыңдалуына қазақ, башқұрт, татар халықтарының ортақ ақыны Ақмолланың септігі көп тиіпті. Жас дарынды соңына ертіп, шәкірті тұтыпты... Ең өкініштісі, Ақсұлу 20 жас қана ғұмыр кешкен. Жасындай жалт еткен тағдыр әмеңгерлік салтының құрбаны болды.

Атастырылған күйеу жігіті қайтыс болып, қайын ағасына қосақталған Ақсұлу басына бостандық іздейді. Билер кеңесіне жүгініп, қақысын қорғауға талпынады. Ақыры дала заңын жеңе алмасына көзі жеткен ол, бір жиында өзімен айтысқан ақын Кеншімбаймен сөз байласады. Сөйтіп, Кеншімбай оны алып қашқан. Бірақ қыз жасырынған жерді біліп қалған жансыздар бай баласы Қойгелдіге хабар береді. Ол Ақсұлуды байлап-матап, ұрып-соғып ауылына алып келеді. Қойгелдінің үйінде ауыр детке ұшырап, ішқұса болып азап кешеді. Сөйткен Ақсұлу дүниеге бала әкеледі. Қатігез Қойгелді перзентін де туған анасына еміздірмей, бәйбішесінің бауырына салады. Сөйтіп, босанғанынан үш күн өткеннен кейін барып, тұла бойы тұңғышын еміреніп иіскей де алмаған есіл ақын, ару ана жарық дүниемен қош айтысады, - деп баяндап берді ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет.

Ақсұлу Челябі облысының Ноғайбақ ауданына қарасты Александра-Невка ауыл маңындағы қорымда жерленген. Жерлестері 120 жылдық тойы қарсаңында оның басын қарайтып, құлпытас қойыпты.

Ол туралы дерек аз да, көп те емес. Хатқа түсірілген өлеңдерін былай қойғанда, қазақ даласына кең таралғаны – Ақсұлудың Жаппас Кеншімбаймен айтысы. Бұның өзге айтыстардан шоқтығы биік тұратынын талай ғалым, ақын-жазушы атап көрсетеді. Мәселен, Мұхтар Әуезов «Ақсұлу-Кеншімбай» айтысын теңдесі жоқ деп бағаласа, Сәбит Мұқанов «Айтыстар туралы» деген мақаласында мұны «Біржан-Сара» айтысынан кейін екінші орынға қойған екен. Қостанайлық ақын, ғалым Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, Мұқановтың бұл пікіріне кейінірек Әуезов түзету енгізген көрінеді.

Мұхтар Әуезов «Біржан-Сара» айтысынан кейінгі екінші орын алады» деген Сәбит Мұқановтың сөзіне қарама-қайшы: «Біржан-Сара» айтысы, негізінде, қыз бен жігіт айтысына құрылған, әйел теңдігі мәселесі ғана көтерілген. Ал Ақсұлу мен Кеншімбайдың айтысында елдегі зорлық-зомбылық, болыстардың, бай-манаптардың жасаған қиянат ісі, парақорлық, саудадағы кемшілік сияқты нәрселерді ашық көрсеткен» деп, оған әлеуметтік жағынан озық тұрған айтыс ретінде баға береді, - дейді ол.

Ақылбек ағамыз «Ақсұлу Кеншімбаймен айтыста жеңілген» делінетін дерекке де күмәнмен қарайды. Оған Ақсұлудың Ресей жеріндегі туыстары айтқан мәліметтерді алға тартады.

Айтыс жинағында Ақсұлудың Кеншімбайдан жеңілгені көрсетіледі. Шын мәнінде, Ақсұлу жеңілмеген. Өйткені оның тікелей ұрпағы Құрамыс ақсақал айтыстан кейін айтыс болғанын айтады. Кеншімбай өлең сайысынан кейін жеңілгенін мойындаған. Содан соң Ақсұлуға ғашық болып, алып қашқан, - дейді Ақылбек Қожаұлы.

Мұның сыртында, Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» осы «Ақсұлу-Кеншімбай» айтысына талдау жасап, «Көріктеу» дейтін тарауында айтыстан үзінді келтірген. Ақсұлудың:

«Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі,

Меймандос келсе қонақ, барша жұрты.

Шығады қыз-бозбала серуенге,

Үстіне масаты мен киген құлпы», - деп келетін бір ауыз шумағын мысал ретінде қолданыпты.

Жалпы, «Ақсұлу-Кеншімбай» айтысының алғашқы нұсқаларының бірін фольклор зерттеуші Әбубәкір Диваев ел аузынан хатқа түсіріпті. Осы күнгі айтыс кітаптарына еніп жүрген нұсқасын белгілі фольклоршы Мардан Байділдаев жазып алған. Екі нұсқаның да мазмұны, өзегі сақталған, аздаған ғана айырмашылықтары бар.

Ақсұлудың жас күнінде жасаған бітімгерлік мұратындағы айтыстарының, жеке өлеңдерінің көп болғаны, бәрінің бірдей жазба түрінде сақталмағаны айтылады. Дей тұрғанмен, артында қалған мұралары – қазақтың өлең өнеріне қосылған қазына, оның мәңгілік өмірінің айғағы екені хақ.

Бір айта кетерлігі, ақын мерейтойы Жітіқараның 95, аудандық ақындар мектебінің 40 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Кіл жүйрікте кім жүйрік?

Сонымен, Ақсұлу Орысбайқызының кіндік қаны тамған кенді өлке, қазыналы өңір Жітіқарада облыс айтыскерлерінің басы тоғысты. Араларында аузымен құс тістеген тәжірибелі шайыр да, өлең өлкесіне енді қадам басқан тыңтұяқ дарын да бар. Ұзын саны – 12 ақын. Олар: Тоба Өтепбаев (Алтынсарин), Батырлан Сағынтаев (Арқалық), Салтанат Өтелбаева (Қостанай ауданы), Әсет Ақылжан (Қамысты), Мамай Ізтілеу (Бейімбет Майлин ауданы), Серікболсын Абықан (Алтынсарин), Алмат Елшібаев (Жітіқара),  Айбар Рағат (Арқалық), Ғалымгерей Кенжеғозин (Рудный), Ернұр Әуезхан (Арқалық), Марғұлан Оспанов (Қостанай) және Балтасар Тұрысбекұлы (Амангелді).

Бұл айтыстың басты ерекшелігі, ақындар сахнада жеребемен жұпталды. Қарсыластарды анықтап беру құқығы көрермендерге ұсынылды. Айтыскерлердің суырыпсалмалық, тапқырлық, тақырыпты сөйлете білу қабілеттеріне Қазақстанның халық ақыны, қазылар төрағасы Әсия Беркенова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет және аудандық ақындар мектебінің мүшесі Серік Қалиев төрешілік жасады.

Қарапайым тұрғын таңдап берген алғашқы жұп – арқалықтық Айбар Рағат пен жітіқаралық жас Алмат Елшібаев. Айбар облыстық, республикалық айтыстарға шығып, ел көзайымына жүрген дарын. Ә дегеннен ақтарыла жыр өрген ол сәлемдесуден соң қарсыласын мысқылмен түйрегіштеп көрді. Кезегін алған Алмат жерлестері күткендей өнер көрсете алмады, алыс ұзамай суырыпсалмада осалдығы байқалып, әлсін-әлсін кідіре берді. Облыстық айтысқа алғаш рет шығып тұрғасын қобалжыған болуы керек. Тіпті екінші жауаптасуда жеңілгенін мойындай салды. Одан әрі айтыс еріксіз тоқтатылды. Бір әттеңі, қарсыластың тез берілуі, айтысудан жалтаруы арқалықтық ақынның кең көсілуіне, әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік бермеді.

Бұлардан соң рудныйлық Ғалымгерей Кенжеғозин мен қамыстылық жас Әсет Ақылжанның жолы түйісті. Ғалымгерей өлеңін Жітіқара өңірінің кешегі-бүгінгі бетке ұстар тұлғаларын жіпке тізуден бастады. Онысын «Қойнауы құтқа толы киелі елде, Ақын мен батыр туу заңдылық қой» деп бір қайырып алып, інісіне сөз ұсынды. «Балам деп еміренген Ақсұлудай, Анам деп еміреніп саған келдім» деп сөз бастаған Әсет өлеңді таспадай өре білетін өрендер қатарынан екен. Ақсұлудың қасіретті тағдырын баяндай келіп: «Орта жолда күйреген керуеннің, күймесін көтеруге келген ұлмын» деуі, не болмаса, суырып салудан тосылмайтынын меңзеп, өлеңін жүйелі өре келіп: «Жеребе соқыр болса, соқыр шығар, Көзсіз ерлік көрсету өзімізден» деген секілді түйіндер түйді. Әсеттің жұмыр ұйқас, шымыр тіркестерінен поэзияға талпынысы бар екені сезіледі. Ғалымгерей де тақырыпты толғап, қозғай берсең, қоздай беретін жергілікті мәселелерді тілге тиек етті. Мұнысы, әлбетте, көрермен көңіліне майдай жаға түскен еді. Нәтижесінде қазылар бір ауыздан жеңісті рудныйлық ақынға берді.

«Жүйрікте де жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, соқыр жеребе жұптап берген Ернұр Әуезхан мен Серікболсын Әбікен, Салтанат Өтелбаева мен Балтасар Тұрысбекұлы да аянып қалмай, бар өнерін ортаға салды. Сөз қағыстырып, ой тоғыстырып, өлшеулі 20 минуттың ішінде қабілет-қарымдарын жан-жақты көрсетуге тырысып бақты.

Ең бір тартысты сөз-сайыс Батырлан Сағынтаев пен Тоба Өтепбаев жұбынікі болды десек, қателеспеспіз. Екеуі де республикалық аламандарда облыс намысын қорғап жүрген, өнерсүйер қауымға аты мәлім азулы ақындар. Сөзді Батырлан бастады:

«Ормандай орыс қатар тұрғанменен,

Сен барда тыныштықты тапқан далам.

...Аюдың апанының ауызында,

Армысың, Жітіқара, жатқан қалам», - деп жағалбайлы жұртымен амандасты. Тарихты қопара сөйлеп, ойдан жақұт сүзіп, жырдан маржан тізді. Тоба да ормандай орыстың ортасында отырып, ұлт руханиятын ұлықтауда алдарына жан салмайтын жітіқаралық тамырластарға тәнтілігін айтып:   

«Солқылдап ар-намыс деп соғып тұрған,

Жітіқара – рухымның жан-жүрегі», - деп, қарсыласының ойын сабақтап әкетті. Ары қарай ауылдас болып келетін екі ақын нағашы-жиеннің жарасымды әзіліне кезек беріп, көрермен қошеметіне бөленді. Сөйте отыра, бір-бірінің адымын аңдысып, бірінен бірі бәсін асыруға ұмтылды. Тақырыпты да қатырып жырлады.

«...Ешкімнен кемдігі жоқ Ақсұлудың

Ел-жұрты есті сөзін ұғып алды.

Ақсақ тоқты қалған жоқ Қойгелдіден,

Ақсұлудың артында жыры қалды», - деп, ақынға зәбірі өткен залым байдың «өшпес таңба болып міні қалғанын» сөз етті Батырлан. Тоба да Ақсұлудың зарлы тағдырын зерлі өлеңмен жеткізді... Қазылар алқасы Батырланға басымдық берді.

Бұдан кейін сахнаға шыққан Марғұлан Оспанов пен Мамай Ізтілеудің жекпе-жегі де көпшіліктің көңілінен шыққандай. Ақындар табан асты тауып айтудан тосылмады. Жауаптасу, сөз шарпысу кезінде де тәжірибелерінің бай екенін көрсетті. Олар да өзге жұптар жырлап өткен Ақсұлудың өмірі мен шығармашылығын өздерінше өлеңдетті. Жітіқараның жетістіктерін де, кемшіліктерін де сөзге қосты, жергілікті жұртты «ой, пәлі» дегізді. Қорытындысында бір ұпай айырмасымен Мамай жеңіске жетті.

Қазылар ақырғы айналымға төрт ақын, екі жұпты ғана өткізді. Олар — Батырлан, Марғұлан, Салтанат және Мамай. Әуелі Батырлан Марғұланмен додаға түсіп, басымдық танытты. Ал Мамай мен Салтанат тең түсті.

Айтыс қорытындысында Марғұлан Оспанов 3-орын иеленді (100 мың). 2-орын Салтанат Өтелбаеваға бұйырды (200 мың). 1-орынға Мамай Ізтілеу лайық деп танылды (300 мың). Гран При – Арқалықтың ақпа ақыны Батырлан Сағынтаевтың еншісінде (500 мың). Қалған айтыскерлерге де қатысқандары үшін 50 мың теңгенің сертификаты берілді және Ақсұлудың Магнитогордан арнайы келген ұрпағы Нығметжан Орысбаев 25 мың теңгеден тарту етті.

Айта кетейік, айтысты ұйымдастырушылар — Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы және Жітіқара ауданы әкімдігі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға