Жаңалықтар

Арнайы комиссия су тасқыны залалын бағалау бойынша ақтөбеліктерден өтінім қабылдап жатыр

Арнайы комиссия су тасқыны залалын бағалау бойынша ақтөбеліктерден өтінім қабылдап жатыр
Фото: primeminister.kz 07.04.2024 04:15 422

Су тасқыны салдарынан келтірілген залалды бағалау жөніндегі арнайы комиссия Ақтөбе тұрғындарынан өтінімдер қабылдай бастады. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде айтылды, деп хабарлайды Премьер-министр баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Вице-премьер облыс орталығында Елек өзенінің жағасында орналасқан су басқан «Эко» және «Көктем» бау-бақша ұжымдарының тұрғындарымен кездесті. Жиналғандарды қызықтырған басты мәселе материалдық шығынның қалай өтелетіні болды.

Серік Жұманғарин тұрғындарға су тасқынынан болған барлық материалдық шығын өтелетінін атап өтті.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірде арнайы комиссия құрылғанын, оның мүшелері зардап шеккен тұрғындардың тиісті өтініштерін қарап жатқанын айтты.

Айта кетейік, облыста 689 саяжай үйі су астында қалып отыр.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин Ақтөбе су қоймасын тексерді. Су тасқыны кезеңінде жобалық қуаты 245 млн текше метр бола тұра, су қоймасына 485 млн текше метр еріген қар суы жиналды.

Жедел штаб отырысында жұмыс сапарының қорытындылары мен инспекция нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-қимыл бойынша нақты шаралар жоспары анықталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға