Архивтен картаға дейін: AI’preneurs қатысушылары цифрлық геолог жасап жатыр

Архивтен картаға дейін: AI’preneurs қатысушылары цифрлық геолог жасап жатыр
Фото: AI көмегімен өңделді

Астанада Astana Hub ұйымдастыратын AI'preneurs бағдарламасының төртінші легінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бағдарлама жасанды интеллект негізінде технологиялық стартаптар құруға бағытталған.

Жоба аясында құрылған Mineral Intelligence командасы архивтік геологиялық деректерді жедел талдап, пайдалы қазба кен орындарының әлеуетін бағалауға мүмкіндік беретін цифрлық геологты әзірлеуде.

Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Алғашқы төрт апталық Founder Lab барысында қатысушылар нарықтағы өзекті мәселелерді зерттеп, идеяларын тексеріп, командаларын жасақтайды. Одан кейін басталатын Core Accelerator кезеңінде алғашқы өнім нұсқасы әзірленіп, әлеуетті тұтынушылармен сынақтан өткізіліп, нарыққа шығаруға дайындалады. Қазір Астанада осы екінші кезең жалғасып жатыр.

Архив деректерін бір тәулікте өңдейді

Жоба ескі геологиялық есептерді, карталарды және зертханалық мәліметтерді цифрландырып, оларды заманауи картографиялық жүйеге енгізеді. Сонымен қатар жүйе Жерді қашықтан зондтау нәтижелерін пайдаланып, геологтарға зерттеуді қажет ететін перспективалы аумақтарды анықтауға көмектеседі.

Қазақстандағы жер қойнауы туралы ақпараттың басым бөлігі әлі күнге дейін кеңестік кезеңнен қалған архивтерде сақталған. Олар машинкамен терілген есептерден, кестелерден, карталардан және әртүрлі қосымшалардан тұрады. Ұңғымалар, сынамалар мен зертханалық зерттеулерге қатысты мәліметтер әртүрлі құжаттарда шашыраңқы орналасқан, ал координаталар қазіргі жүйелерден өзгеше форматта берілген.

Команданың бағалауынша, бір ғана кен учаскесін алдын ала талдау үшін төрт геологқа екі-төрт апта үздіксіз жұмыс істеуге тура келеді. Ал әзірленіп жатқан цифрлық геолог осы көлемдегі ақпаратты шамамен бір тәулікте бастапқы өңдеуден өткізе алады.

Жоба жетекшісі Дамир Қызырдың айтуынша, жасанды интеллект мамандарды алмастырмайды.

Біздің мақсатымыз – геологтың орнына шешім қабылдау емес. Біз мамандарды архивтерді қолмен бірнеше апта бойы ақтарудан босатқымыз келеді. Жүйе бастапқы ақпаратты жинап, құрылымдайды, ал соңғы қорытындыны әрдайым кәсіби геолог шығарады, – деді ол.

Жобаны тәжірибелі инженер басқарады

Mineral Intelligence командасының жетекшісі Дамир Қызыр – жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау саласында он жылдан астам тәжірибесі бар инженер әрі кәсіпкер.

Ол Satbayev University оқу орнын тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Канаданың University of Alberta университетінде мұнай-газ инженериясы бойынша магистр дәрежесін алған. Әр жылдары «Қазгеоинформ», Aurora Minerals Group, Eurasian Resources Group және NovaDrilling компанияларында еңбек еткен.

Цифрлық анықтама әзірлейді

Команданың негізгі өнімі – Prospectivity Report немесе «Жедел геологиялық анықтама».

Жүйе архивтік құжаттарды автоматты түрде оқып, ұңғымалар, сынамалар және зертханалық зерттеулер туралы мәліметтерді жинақтайды. Ескі координаталарды қазіргі форматқа ауыстырып, барлық нысанды цифрлық картаға түсіреді.

Әрбір қорытынды нақты архив құжатына, кестеге немесе бетке сілтемемен расталады. Бұл геологтарға ақпараттың дұрыстығын жылдам тексеруге және жасанды интеллект жіберуі мүмкін қателердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Дайын есеп екі аудиторияға арналған. Геологтар толық техникалық ақпаратқа қол жеткізсе, компания басшылары мен инвесторлар учаскенің әлеуеті, бастапқы материалдардың сапасы және ықтимал тәуекелдер туралы ықшам әрі түсінікті мәлімет алады.

Инвесторлардың қызығушылығы артып келеді

Бүгінде жасанды интеллект геологиялық барлау саласында әлемнің көптеген елінде қолданылып жатыр. Мәселен, америкалық KoBold Metals компаниясы маңызды пайдалы қазбаларды іздеу үшін машиналық оқыту технологияларын пайдаланады. Компания 2025 жылдың басында 537 миллион доллар инвестиция тартып, нарықтағы бағалауы 2,96 миллиард долларға жеткен.

Әзірге Mineral Intelligence жобасы AI'preneurs бағдарламасы аясында өз шешімін сынақтан өткізіп жатыр. Келесі кезеңде команда әзірлемесін нақты өндірістік жобаларда тестілеуді жоспарлап отыр.

AI'preneurs бағдарламасының төртінші легі Demo Day қорытынды іс-шарасымен аяқталады. Онда үздік командалар өз жобаларын инвесторлар мен корпоративтік серіктестерге таныстырады. Іріктеуден өткен стартаптар Astana Hub Ventures қорынан SAFE-келісімшарты арқылы бастапқы инвестиция алып, Astana Hub халықаралық желісі арқылы жобаларын жаһандық нарыққа шығаруға мүмкіндік алады.

Оқи отырыңыз