Аргентинада күн энергиясымен қуатталатын пойыз қатынап жүр

Аргентинада күн энергиясымен қуатталатын пойыз қатынап жүр
Фото: AI көмегімен жасалды

Аргентинаның солтүстігіндегі Жужуй провинциясында күн энергиясымен қуатталатын ерекше пойыз жолаушы тасымалдап жүр. Tren Solar de la Quebrada деп аталатын құрам дизель отынын пайдаланбайды және дәстүрлі электр пойыздары секілді байланыс желісіне де тәуелді емес.

Пойыз Анд тауларындағы 42 шақырымдық бағытпен жүреді. Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Кебрада-де-Умауака аңғарындағы алты елді мекенді байланыстырады.

Жоба 2024 жылы іске қосылған. Оның негізгі мақсаттарының бірі – өңірдегі туристік бағыттарды дамыту және жолаушыларды дизель отынын жағудан туындайтын тікелей шығарындыларсыз тасымалдау.

Күн пойызы қалай жұмыс істейді?

Атауына қарамастан, пойыздың төбесінде электр энергиясын өндіретін күн панельдері орнатылмаған. Оның орнына екі вагоннан тұратын құрам алты литий аккумуляторы арқылы қозғалады.

Батареялар Жужуй провинциясында өндірілетін күн электр энергиясымен қуатталады. Сонымен қатар пойыз тежелген кезде пайда болатын кинетикалық энергияның бір бөлігі қайтадан электр энергиясына айналып, аккумуляторларға жіберіледі.

Оператор мәліметінше, толық қуатталған батареялар пойызға шамамен 100-120 шақырым жүруге мүмкіндік береді. Бұл қазіргі 42 шақырымдық бағыттан екі еседен де ұзақ.

Жол бойындағы Волькан және Пурмамарка станцияларында жылдам қуаттау құрылғылары бар. Ал Тилькарадағы соңғы станцияда тағы бір қуаттау нүктесін іске қосу жоспарланған.

90 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған

Tren Solar іске қосылғаннан кейін Кебрада-де-Умауакада шамамен 30 жылдық үзілістен соң жолаушылар пойызы қайта қатынай бастады.

Жужуй билігінің дерегінше, 2024 жылдың маусымынан бері күн энергиясымен қуатталатын пойызды 90 мыңнан астам адам пайдаланған.

Бұл жоба күн сәулесі мол, бірақ теміржолды орталық электр желісіне қосу қиын өңірлер үшін балама технологиялардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Еуропада да балама энергияға бетбұрыс бар

Теміржол саласында жаңартылатын энергияны пайдалану тәжірибесі Еуропада да дамып келеді. Eurostat дерегіне сәйкес, 2024 жылы Еуропалық одақтағы теміржол желісінің шамамен 58 пайызы электрлендірілген.

Нидерландта NS теміржол операторы пойыздардың жылдық электр тұтынуына сәйкес көлемде жаңартылатын энергия сатып алады. Оның энергетикалық балансында жел және күн электр энергиясы пайдаланылады.

Швейцарияда Sun-Ways стартапы бұдан бөлек тәсілді сынап жатыр. Компания жұмыс істеп тұрған теміржолдың 100 метрлік бөлігіне рельстердің арасына 48 күн панелін орнатқан. Пилоттық жүйе алғашқы жылы шамамен 16 мың кВт·сағ электр энергиясын өндірген.

Ал Аргентинадағы жоба электр желісіне қосылмаған теміржол бағыттарында аккумулятор мен күн энергетикасын бірге пайдаланудың бір үлгісін көрсетіп отыр. Күн сәулесі мол шалғай өңірлерде мұндай технология дизель пойыздарына балама болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз