Жаңалықтар

Қарағандыда этномәдени бірлестіктер күні 3 кезеңмен аталып өтеді

Қарағандыда этномәдени бірлестіктер күні 3 кезеңмен аталып өтеді
25.08.2018 04:44 1511

 

Қарағандыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында қалалар мен аудандардың этномәдени бірлестіктерінің күні аталып өтті.

Жалпы этномәдени бірлестіктер күнін 3 кезеңге бөліп атап өту жоспарланған. Бірінші кезеңде Балқаш, Жезқазған, Сәтпаев қалаларының этномәдени бірлестіктері түрлі этникалық топтардың мәдениетін жұртшылыққа таныстырды.

Екінші кезең 12 қыркүйекке жоспарланып отыр. Бұл уақытта Нұра, Абай, Бұқар жырау, Осакаров аудандары үшінші кезең - 27 қыркүйекте Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларының өкілдері өз өнерлерін көрсетеді.

Іс-шара барысында бірлестіктердің қызметі туралы бейне жазбалар, хореографиялық, вокалдық және аспаптық ансамбльдердің көрсетілімдері, сондай-ақ халық шығармашылығының және қолданбалы өнер көрмесі ұсынылды.

Шараға Жезқазған қаласынан «Диндалле» кәріс қоғамдық бірлестігінің өкілдерінен құралған делегация қатысты. Корей орталығы 1990 жылы «Дружба» халықаралық отбасылық ансамблінің негізінде құрылған.

Балқаш қаласында 60-тан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астына біріктірілген. Қазіргі уақытта қалада 4 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Олардың басты мақсаты – ұлттық мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін таныстырып, қайта жаңғырту болып табылады.

Сәтпаев қаласында барлық қалалық іс-шараларға және ұлттық мерекелерге, сондай-ақ қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысатын 6 этномәдени бірлестік бар.

Түптеп келгенде бірлестіктердің негізгі айқын мақсаты: этносаралық қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеу, ұлттық сәйкестікті дамыту, халық арасында қайырымдылық және мәдени-ағарту іс-шараларын, шығармашылық топтардың жұмысын ұйымдастыру, өңірлік, республикалық деңгейдегі қоғамдық шараларға қатысу.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға