Жаңалықтар

Әр оқиғаның артында баланың тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек – ЮНИСЕФ басшысының орынбасары

Әр оқиғаның артында баланың тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек – ЮНИСЕФ басшысының орынбасары
Фото: ©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 24.04.2023 16:55 744

Астанада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Парламенті депутаттарының, халықаралық ұйымдар, медиа салалар және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Медиа этика және балалардың құқықтарын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Отырыста ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейтуді, отбасы құндылықтарын насихаттауға баса назар аударуды тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол министрлік тарапынан ұсынған бірқатар ұсынымға тоқталды.

Бала құқығын қорғау қашан да өзекті. Оған қатысты министрлік тарапынан бірнеше ұсыным әзірледік. Біріншісі – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашада қабылданған «Бала құқықтары туралы конвенция» ережелерін басшылыққа алу. Екіншісі – мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық коммуникация құралдарының балалармен байланысты құқыққа қайшы жағдайларды жариялау контекстінде жұртшылықтың медиа сауаттылығын арттыру жөніндегі күш-жігерін біріктіру. Үшіншісі – Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық баяндама шеңберінде БАҚ-тың балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ықпалы тақырыбында семинарлар мен тренингтер өткізу, – деп министр атап өтті.

Ал Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының орынбасары Летисия Баззия-Вэйл балалар құқығын қорғауды басты назарға алу қажеттігін айтты.

Балалардың мүддесі және тағдыры әрдайым бірінші орынға қойылуы керек. Сонымен қатар үнемі балалардың құқығының қорғалуын талап ету керек. Біз әрбір оқиғаның артында баланың тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз қажет. Ең бастысы, баланың әл-ауқаты басты назарға қойылуы тиіс, – деді ол.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай балаларға ата-аналар да баса көңіл бөлуі қажет дегенді тілге тиек етті.

Жәбірлеу, біреудің құқығын таптауға қатысты қоғамдағы жағымсыз мәселелерге ең бірінші кезекте қарсы тұратын бұқаралық ақпарат құралдары болуы керек деп ойлаймын. Екінші жағынан, біз балалардың құқығын қорғай отырып, олардың пайдаланатын медиаресурстарына көңіл бөлуіміз керек. Оған ата-аналар да, басқа қоғамдық ұйымдар да атсалысуы қажет, - деді ол.

Басқосуда балалардың қарым-қатынасына, оның ішінде қазіргі заманғы бұқаралық коммуникация құралдарын пайдалана отырып, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға