Жаңалықтар

«Aqyl Battle CUP» зияткерлік сайысы басталды

16.05.2025 21:25 894
«Aqyl Battle CUP» зияткерлік сайысы басталды

Елімізде ең танымал зияткерлік сайыстардың бірі – «Aqyl Battle CUP» КТК басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Зияткерлік сайыс ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен қолдау тапты. Оны «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігі ұйымдастырды.

Жоба мақсаты – Қазақстан жастарының білімге деген құштарлығын арттырып, заманауи қоғамдағы белсенді рөлін айқындап, шығармашылық пен зияткерлік дамуға жол ашу және де қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту. Ойын форматы жастар арасында трендке айналған зияткерлік мәдениетті қолдап, білімге қызығушылықты күшейтуді мақсат етеді.

«Болашақ Қазақстанға» ҚҚ атқарушы директоры Бибінұр Шербаева «Aqyl Battle CUP» жастар арасында танымалдылыққа ие екенін атап өтті. Сайыс 14-35 жас аралығындағы жастарға арналған және мемлекеттік тілде өтетін заманауи командалық ойын форматында өткізіледі. Қатысушылардың құжаттарын тексеру барысында жасы аталған аралыққа сәйкес келмейтіні анықталса, бірден тізімнен шығарылады.

Ойын 6 кезеңнен тұрады. Биыл Жеңістің 80 жылдығы секілді атаулы даталар, түрлі мерейтойлар бар. Оның барлығы сайыстың сұрақтарында қамтылған, – деді ол. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Ақұлан Тастемір аталған жобаның маңызына тоқталды. 

«Aqyl Battle CUP» зияткерлік сайысы басталды

Мемлекеттік тіл мәселесі барлығымызды алаңдатпай қоймасы анық. Осы орайда «Aqyl Battle CUP» сайысы – еліміздегі жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобалардың бірі. Сайыс биыл үшінші жыл қатарынан өткізілгелі жатыр. Осы уақыт аралығында орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Республикалық деңгейден асып, халықаралық деңгейге жеттік десек артық айтпаймыз. Себебі өткен жылы ойыншылардың қатарынан Өзбекстанның ұлттық құрамасы табылды, – деді Ақұлан Өсерұлы.

Ақұлан Тастемірдің сөзінше, биыл сайыстар Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешіміне сәйкес, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» келісімімен, «Болашақ Қазақстанға» ҚҚ ұйымдастыруымен халықаралық деңгейде өтпек.

Аталған сайысқа түркітілдес мемлекеттердің азаматтары қатысады. Атап айтқанда, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Башқұртстаннан қазақ тілін жақсы меңгерген, ойын ашық жеткізе алатын, эссе жаза алатын азаматтарды қатыстырсақ па деген ниетіміз бар. Ол Қазақстан үшін үлкен жетістік деген ойдамын, – дейді басқарма басшысы.

Астанада бүгін, 16 мамырда сайыстың алғашы кезеңі өтті. 13 команда, 40-қа жуық қатысушы бақ сынаған бұл іріктеуде «Астана априори» командасы ақтық мәреге жолдама алды. Сайыстың келесі іріктеу ойындары: Шымкентте 21 мамыр және Алматы қаласында 23 мамыр күні офлайн форматта, ал еліміздің өзге аймақтарында ауыл жастарына ыңғайлы болуы үшін «Aqyl Battle» мобильді қосымшасында 30-31 мамыр күндері онлайн форматта өтеді.

Финалға қатысушылар - Гранд финалға еліміздің барлық аймағынан 20 үздік команда қатысады. Биылғы финалдың ерекшелігі – оның халықаралық деңгейде өтуі, өйткені түркі халықтарының өкілдері қатысуы жоспарлануда. 

Жалпы жүлде қоры – 3 600 000 теңге.Жеңімпаздар білім мен логикалық қабілеттері арқылы осы қомақты қаржыға ие болуға таласады.

Айта кетейік, жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырысы бойынша  «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ  мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға