Жаңалықтар

Ақтөбеліктер Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын атап өтті

Ақтөбеліктер Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын атап өтті
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 22.03.2024 21:48 354

Ақтөбеде бұқаралық шаралар, концерттер мен театрландырылған қойылымдармен Наурызды кең көлемде атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мерекелік іс-шаралар қаланың барлық алаңында ұйымдастырылды. Басты іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алдындағы алаңда өрбіді. Сахнада облыстық филармонияның әртістері мен жергілікті эстрада жұлдыздары өз өнерлерін паш етті. Көрермендердің назарына театрландырылған қойылымдар да ұсынылды. 

Мейрамға қатысқан облыс әкімі ақтөбеліктерді Ұлыстың ұлы күні - әз-Наурызбен құттықтады.

Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен береке мен бірліктің бастауы, ізгілік пен жақсылықтың символы. «Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Биыл Наурыз мейрамының мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өту керектігін дүйім жұртқа жеткізді. Наурыздың қадір-қасиетін айшықтайтын «Наурызнама» онкүндігі жарияланып, тұжырымдама қабылданды. Бұл онкүндік - қоғамды біріктіру, қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен мәдени ерекшелігін сақтау және насихаттауға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болды. Қазақтың ежелгі жыл санауы бойынша биыл – Ұлу жылы. Барша түркі жұрты, оның ішінде халқымыз бұл жылы қамба астыққа, жер беті жасыл шөпке толады деп жорамалдаған. Отандастырымыз үшін жайлы, жұмсақ жыл боларына кәміл сенемін, - деген облыс әкімі елімізге тыныштық, тұрақтылық, әр отбасына амандық, бақ-береке тіледі. 

Алаңда киіз үйлер орнатылып, онда мейрам қонақтарына дәмді тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларының көрмесі ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға