Жаңалықтар

Ақтөбеліктер Түркияға гуманитарлық көмек жіберді

Өңірден 11 тоннаға жуық жүк жөнелтілді
Ақтөбеліктер Түркияға гуманитарлық көмек жіберді
Фото: primeminister.kz 12.02.2023 22:30 916

Ақтөбеліктер жойқын Түркия Республикасына өңірден 11 тоннаға жуық алғашқы гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды El.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гуманитарлық көмек өңір басшысы Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес жөнелтілген. Жүктің жалпы құны 30 миллион теңгені құрайды.
 
Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе Халықаралық әуежайынан тиелген жүк Түркияның «MNG» әуе компаниясының ұшағымен Ыстанбұлға ұшты.  
 
Гуманитарлық жүкте аса қажетті жылы киім-кешектер, азық-түлік, балаларға арналған тағамдар, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық және жеке гигиеналық заттар бар.
 
Қайырымдылық шарасына Ақтөбе облысының тұрғындары мен волонтерлері, «Анвар», «Дина», «Рамазан», «Глобал Спецодежда», «A-Textile», «Life4JOB» сияқты ірі кәсіпкерлік субъектілері үлес қосты. Барлық тауарларды жинау, қаптау жұмыстары қалалық Достық үйінде ұйымдастырылды.
 
Алдағы аптада Түркияға Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласынан гуманитарлық көмек көрсетіледі. Жүк Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы арқылы жөнелтіледі.
 
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, Ақтөбе өңірінің тұрғындары түрік бауырлармен бірге. Облыс әкімдігі Түркия Республикасының Үкіметі мен халқына көңіл айта отырып, қолдау көрсетуді жалғастырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға