Жаңалықтар

Ақтөбегі мәдени нысандар күрделі жөндеуден өтеді

Ақтөбегі мәдени нысандар күрделі жөндеуден өтеді
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 12.11.2023 16:24 569

Ақтөбе облысында Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында ашылған креавтивті орталық, «Алақай» қуыршақ театры, облыстық халық шығармашылығы орталығы және мемлекеттік архивінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында құрылған  креавтивті орталық биыл маусым айында ашылды. «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдаған жоба бүгінде өз жемісін беріп отыр. Мұнда келушілер саны бұрынғыдан қарағанда үш есе артқан. Облыс әкімі орталықты аралап шығып, білімі мен дағдыларын жетілдіруге ынталы жастарды әлі де тарту керектігін алға тартып отыр. 

Сондай-ақ, өңір басшысы креативті орталыққа жиналған Жазушылар одағы облыстағы мүшелерімен кездесті. Жоспардан тыс басқосуда Асхат Шахаров мәдениет саласындағы өзекті проблемалар, ақтөбелік ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, аймақтың мәдени-рухани  құндылықтарын насихаттау мәселелерін талқылады. Әкімдік қаламгерлер тарапынан түсетін ұсыныстарға сеп болмақ. 

1956 жылы салынған «Алақай» қуыршақ театрының ғимараты былтыр жөнделді. Іші-сырты толық жөндеуден өтіп, материалдық-базасы жаңартылған театр жаңа қойылымдарын сахналап, көрерменін қуантып жүр. Қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина облыс басшысына музейді, костюмдер сақталатын бөлмені көрсетті. Асхат Шахаров ғимаратты күтіп-ұстау мәселесі бақылауда болуы тиіс деген міндет қойды. 

Күрделі жөндеу облыстық халық шығармашылығы орталығына аса қажет. Бұрынғы Металлургтер үйінің жылу жүйелері мен еденін ауыстырып, ғимараттың іші мен қасбетін жаңарту керек. Жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалған. 

Ғимараттың ескі екенін білеміз. Күрделі жөндеу міндетті түрде керек. Жобаны қолдаймыз.  Мына еденнің астында орналасқан жылу жүйелерін толық ауыстыру керек. Мердігер компанияға да бұл туралы ескерту қажет. Сонымен қоса, ғимараттың дизайнын дұрыстап ойластырған жөн. Нысан аумағын абаттандыруды жобалық-сметалық құжаттамада ескеру қажет, - деді жауапты мемлекеттік орган басшыларына тапсырма берген облыс әкімі. 

Асхат Шахаров облыстық мемлекеттік архивтің уақытша орналасқан ғимаратына да барды. Өңір басшысы Лачугин көшесінде орналасқан архив ғимаратын күрделі жөндеу жұмысын қарастыратынын, ал архивке салынып жатқан ғимарат құрылысын  қолдайтынын жеткізді. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға