ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында кәдеге жарату электр станциясының (КЭС) құрылысы жалғасып жатыр. Ауқымды жоба феррохром өндірісі кезінде түзілетін ферроқорытпа газын электр энергиясына айналдыруға мүмкіндік береді.
Бұл ферроқорытпа газын пайдаланып, өнеркәсіптік ауқымда электр энергиясын өндіретін ТМД-дағы алғашқы жоба болмақ.
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған міндет, сондықтан өнеркәсіп те оны жүзеге асыруға өз үлесін қосуы тиіс. Кәдеге жарату станциясының құрылысы – ERG-дің экологиялық стратегиясының бір тармағы. Біз феррохром өндірісі кезінде түзілетін ферроқорытпа газын электр энергиямызды өндіруге пайдалана аламыз. Бұл қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға, дәстүрлі энергия көздерін тұтынуды азайтуға және өндірісті экологиялық тұрғыдан тиімдірек етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, электр энергиясын өзіміз өндіргенде зауыттың және жалпы өңірдің энергетикалық тұрақтылығы артады, – дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков.
Құрылыс алаңында болашақ электр станциясының негізгі нысандары бой көтеріп келеді. Жоғары қысымды екі бу қазандығы монтаждалып, бас корпус пен турбина бөлімі, газгольдер, градирня және түтін мұржасы салынып жатыр. Сонымен қатар vfvfylfh инженерлік желілер тартып, электр-техникалық жабдықтар орнатуға кіріскен.
Болашақ станцияның белгіленген қуаты – 80 МВт. Ол сағатына 80 мың текше метрден астам ферроқорытпа газын пайдаланып, жылына 532 млн кВт/сағ дейін электр энергиясын өндіре алады.
Бұл жобаның ерекшелігі құрылыс ауқымы мен қолданылатын инженерлік шешімдердің күрделілігінде ғана емес, жаңа электр станциясын жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорнының инфрақұрылымына кіріктіру қажеттігінде де жатыр. Бізге төртінші балқыту цехымен технологиялық байланысты қамтамасыз ету, ферроқорытпа газын қабылдау мен дайындау жүйесін ұйымдастыру, оны электр энергиясын өндіруге пайдалану және өндірілген электр энергиясын зауыт желісіне беру қажет. Онымен қоса, жұмыстың едәуір бөлігі өндіріс тоқтатылмай жүргізіледі. Мұның бәрі мұқият жоспарлауды, жоғары инженерлік біліктілікті және жоба командасы, зауыт мамандары мен мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысын талап етеді, – дейді жоба жетекшісі Медет Сатов.
БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз турында кәдеге жарату электр станциясының құрылысы көрсетілді. Журналистер сондай-ақ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының технологиялық тұрғыдан ең озық бөлімшелерінің бірі – №4 балқыту цехына барды. 2026 жылдың соңына қарай цех іске қосылғаннан бері мұнда балқытылған феррохромның жалпы көлемі 4 млн тоннаға жетеді.
Цехта әрқайсысының қуаты 72 МВт төрт тұрақты ток пеші орнатылған. Олар – өз санатындағы әлемдегі ең қуатты пештер. Бүгінде жабдық 75 МВт қуатта тұрақты жұмыс істеп тұр.
2025 жылғы шілдеде цехтағы №43 пеш әлемдік рекорд орнатты: мұнда бір технологиялық цикл барысында 177 тонна жоғары көміртекті феррохром балқытылды. Бұл – бір технологиялық цикл үшін рекордтық көрсеткіш және дәстүрлі феррохром балқыту технологияларының мүмкіндіктерінен едәуір жоғары нәтиже. Рекорд World Book of Records-та ресми түрде тіркелді.
№4 цех 2014 жылы пайдалануға берілген. Содан бері зауыт мамандары бірегей технологияны меңгеріп қана қоймай, бастапқы жобалық көрсеткіштерден де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнімінің шамамен 60 пайызы осы цехта өндіріледі. Цехтың іске қосылуы зауыттың өндірістік мүмкіндігін екі еседен астам арттырып, ферроқорытпа өндіру көлемін жылына 300 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.