Ақтөбеде Қазақстанның «Халық қаһарманы» бас қосты

Ақтөбеде Қазақстанның «Халық қаһарманы» және Еңбек ерлерінің қатысуымен IV конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Халық Қаһармандары мен Қазақстан Еңбек Ерлерінің ІV конференциясына қатысу үшін Ақтөбеге еліміздің әр өңірінен көрнекті қазақстандықтар – «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын иеленгендер келді.
Іс-шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Конференцияға келген мәртебелі меймандар қатарында «Халық Қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, «Қазақстанның еңбек ері», медицина ғылымдарының докторы Серік Ақшолақов, Қазақстанның Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған алғашқы әйел Аягүл Миразова, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұрат Қайыргелдин және өзгелер бар.
Қатысушылар жастарға патриоттық тәрбие берудің, ұрпақтар сабақтастығының, еңбектегі ерліктің қазіргі қоғамдағы рөлі секілді маңызды мәселелерді талқылады. Әлия Молдағұлова секілді батыр жерлестерінің мұрасына ерекше көңіл бөлді.
Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті, Қазақстанның еңбек ері Серік Ақшолақов өз сөзінде мұндай кездесулердің жас ұрпаққа берер тәрбиесіне тоқталды.
«Біз ата-бабаларымыздың ерлігін, әсіресе Жеңістің 80 жылдығында ұмытпауымыз керек. Бүгінгі жастар Әлия Молдағұлова сияқты батырлардың мысалдарында өсіп-өнуі тиіс, олардың есімі әрбір қазақстандық үшін ардақты. Ақтөбе өңірінен көптеген көрнекті тұлғалар шықты. Аға буынның міндеті – осы моральдық күшті, патриотизм рухын, еңбек пен білімге деген ұмтылыста жас ұрпаққа жеткізу», - деді Серік Ақшолақов.
Қазақстанның Еңбек Ері, «Құрмет» орденінің иегері, «Тәуелсіз Қазақстанның Халық қаһармандары» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Құралай Байменова конференцияны тарихи шара деп атады.
