Жаңалықтар

Ақтөбеде киік мүйізін 35 мыңға сатпақ болған мүгедекке 5 миллион айыппұл салынды

Ақтөбеде киік мүйізін 35 мыңға сатпақ болған мүгедекке 5 миллион айыппұл салынды
Фото: © Polisia.kz 14.11.2023 10:44 1164

Ақтөбеде екінші топтағы мүгедек киік мүйіздерін сатамын деп жаза арқалады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.  

Ол қайтыс болған туысының үйін жинап жүріп, киік мүйіздерін тауып алады да, үйіне әкеліп жасырып қойған. Араға үш жыл салып, хабарландыру сайты арқылы 35  мың теңгеге сатпақ болады. Сатып алушының орнына полиция байланысқа шығып, жойылып кету қаупі төніп тұрған жануардың мүйізін заңсыз сатпақ болғаны үшін қылмыстық іс қозғады. Ол киік мүйізін заңсыз сатуға тырысқанын мойындады. Сотталушының айтуынша, бұл қадамға материалдық қиындықтар себеп болған. Ол - екі бала тәрбиелеп отырған екінші топтағы мүгедек. Келтірілген шығын 5 миллион 175 мың теңгеге бағаланған. Айыпталушы талап-арызды мойындамады, себебі оның салынған айыппұлды төлеуге шамасы жоқ.

Сот оны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді. Осы мерзім ішінде оған ойын-сауық орындарына баруға шектеу қойылды, ал жұмыстан кейін үйден шықпауы керек.

Сондай-ақ сот мемлекетке 5 миллион 175 мың теңге төлеуге міндеттеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға