Жаңалықтар

Ақтөбеде ер адамды дүкенде өлтіргендер бейнежазбаға түсіп қалды

Ақтөбеде ер адамды дүкенде өлтіргендер бейнежазбаға түсіп қалды
06.05.2023 10:17 1121

Ақтөбе қаласы Есет батыр ауданындағы азық-түлік дүкендерінің бірінде 31 жастағы жігіт кісі қолынан қаза тапты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Қайғылы оқиға мамыр айының 3 күні күндіз тіркелген. Марқұм жігіттің денесін дүкеннен шығарып тастаған екі адамның әрекеті бейнежазбаға түсіп қалғаны белгілі болды. Кейін марқұмның достары оның азық-түлік дүкеніне қарыз болғанын мәлімдеді. 

Марқұм Ұзақ Нығметовпен кішкентай кезден балалар үйінде бірге өстік. Сол күні танысымның келіншегі хабарласып, суық хабарды естіртті. Негізі бәріміз бір аулада мемлекеттен алған баспанада тұрамыз. Қолымда қазір оқиғадан кейінгі видео бар. Денесін дүкеннен шығарып, отырғышқа қойып кетті. Оқиғаның қалай болғанын нақты білмеймін. Сол дүкенге аздап қарызы болды. Соған байланысты сөзге келіп қалуы мүмкін. Қасында болған баланың айтуынша, оны дүкен иесінің өзі қоңырау шалып, шақырып алады. Мұздатқышты жылжытып жіберуге көмектесуді сұраған. Дүкенге бірінші кірген Юраны ұрып, талдырып тастаған. Ол есін жиғанда Ұзақтың сұлық жатқанын көргенін айтты.  Оның құлағы сынған, бет-аузы қан, көзі ісіп кеткен, – деді марқұмның досы Талғат Сүгіров.

31 жастағы Ұзақ Нығметов балалар үйінде өскен. Осы уақытқа дейін оның тұрақты жұмысы болмаған. Үйленбеген азаматтың Орал қаласына жақын ауылдардың бірінде аспаз болып жұмыс істегені анықталды. 

Қылмыстық оқиғаны Ақтөбе облысы полиция басқармасы растап, қазір күдіктінің қамауға алынғаны айтылды. 

Полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады. ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға