Жаңалықтар

«Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 42 отбасы баспаналы болды

«Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 42 отбасы баспаналы болды
Фото: gov.kz 22.03.2023 22:00 504

Наурыз мейрамына арналған мәдени іс-шарада облыс әкімі Ералы Тоғжанов жас отбасыларға салтанатты түрде сертификаттар табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл сертификаттар олардың «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы арқылы 15 млн теңге көлемінде баспана алғандығын растайды. 

Шалқар ауданының тұрғыны Ардақ Мұқанова бағдарламаға қатысып, облыс орталығынан бір бөлмелі пәтер сатып алған. «Ақтөбе жастары» арқылы жастарға көңіл бөліп, баспана алуға берілген мүмкіндік үшін алғысын білдірді. 

«Өзім Шалқардағы №3 жалпы білім беретін орта мектепте мұғаліммін. Жасым – 33-те. Бағдарламаға құжат тапсырдым. Шарттарына сай болып, алдыңғы орынға шықтым. «Ақтөбе жастары» бойынша 15 миллион теңгеге Батыс-2 шағын ауданынан бір бөлмелі пәтер сатып алдым. Бір қуантарлығы, жастарға осындай мүмкіндіктер қазір көп. Алғысым шексіз. Енді Ақтөбеден үйіміз бар», - деп жас мұғалім Ардақ Мұқанова қуанышын жеткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақтөбе облысының əкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен өңірде алғаш рет «Ақтөбе жастары» арнайы тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асты. Аталмыш бағдарламаға 600 млн. теңге қаржы бөлініп, 35 жасқа дейінгі өңір тұрғындарына 5 пайыз жеңілдетілген несие сияқты қолайлы шарттармен баспана сатып алуға мүмкіндік берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға