Жаңалықтар

Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда

Жағдай тұрақты бақылауда
Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда
Фото: ҚР ТЖМ 26.03.2023 16:41 622

Ақтөбе облысында тұрғын үйлер мен аула аумақтарынан су сору жұмыстары жалғастырылуда, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазіргі таңда Қобда ауданының Қобда ауылында тартылған күштер мен құралдармен 13 тұрғын үйден су сору жұмыстары жалғасуда. Тартылған күштер мен құралдардың жұмысын су басқан үйлердің ойпат жерлерде орналасуы, сонымен қатар ойпат жерлерде еріген қар суының көп мөлшерде жиналу фактісі қиындатады.

Бұған дейін эвакуацияланған 12 адам уақытша эвакуациялау пункттерінде, 79 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды. 365 адам өз үйлеріне оралды.

Өткен тәулікте 362 текше метр еріген қар суы сорылды, инертті материал салынған 850 қап төселді. Жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар мен ТЖ департаментінің жеке құрамынан 100-ден астам адам мен 10 бірлік техника жұмылдырылды.

Бүгін 26 наурызда Қобда кентіне ТЖ департаментінен 32 адам мен 12 бірлік техникадан, оның ішінде су сору құралынан тұратын қосымша күштер мен құралдар жіберілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға