Ақтөбе облысында шекараны заңсыз кесіп өтпек болғандар ұсталды

Ақтөбе облысының «Жайсан» автокөлік өткізу пунктінде шекарашылар заңсыз көші-қон әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҰҚК мәліметінше, Ресейге транзиттік жүріп келе жатқан жүк көлігін қарап-тексеру кезінде тасымалданған жүктің арасында Мемлекеттік шекарадан заңсыз өтуге әрекеттенген 29 шетелдік азамат табылды.
Осы факті бойынша ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша Шекара қызметінің департаменті ҚР Қылмыстық кодекстің 394-бабы (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, - делінген мәліметте.
ҰҚК шекара қызметі ұлттық заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын және оның режимін бұзу қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
