Жаңалықтар

Ақтөбе облысында білім беру саласын қандай жаңалықтар күтіп тұр

Ақтөбе облысында білім беру саласын қандай жаңалықтар күтіп тұр
Фото: gov.kz 25.08.2023 22:05 2150

Ақтөбеде білім қызметкерлерінің республикалық «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты тамыз кеңесі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ мүшелері, педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Қатысушылардың жалпы саны - 1200 адам.

Отырысты ашқан облыс әкімі биыл республикалық тамыз кеңесі алғаш рет жаңа форматта өткізіліп жатқанын алға тартты. Тамыз кеңесінің жаңашылдығы - еліміздің барлық 20 өңірі тақырыптық бағытқа бөлінген.

«Ақтөбе облысына «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбы берілген. Қала мен ауыл мектептерінің білім сапасын теңестіру – басым міндеттер қатарында. Жүйелі жұмыс, сапалы жобалар нәтижесінде білім алшақтығын азайтуға қол жеткізілді. Өңірдегі 404 мектептің 70%-ы - ауыл мектебі. Оның ішінде  204-і - шағын жинақты. Алайда ауыл мектептеріндегі бала саны қаламен салыстырғанда әлдеқайда аз. Облыстағы барлық оқушының 9%-ы ғана ауыл мектебінде оқиды. Ауылдық мектептердің толымдығы, қала мектептеріне қарағанда 10 есеге төмен», - деп атап өтті облыс әкімі. 

Ақтөбе облысында ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасын теңестіру мақсатында «Білім ALL» өңірлік жобасын пилоттық негізде іске қосылды. 

Цифрлық технологиялар мүмкіндігін пайдалана отырып, қаланың үздік педагогтері шалғай аймақтардағы шағын жинақты мектеп оқушыларына онлайн форматта физика, математика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беріп, соның нәтижесінде бір мұғалімнің бірнеше пәнді жүргізуі тоқтатылды, оқушыларды бір ауылдан екінші ауылға тасымалдау мәселесі шешілді, мұғалімдердің біліктілігі жоғарылап, цифрлық сауаттылығы артты, олардың арасындағы байланыс нығайды, мектеп пен мектеп арасында байланыс орнады.

Жоба басталғалы бері балалардың білім сапасына ай сайын мониторинг жүргізілді. Бүгінгі күні білім алшақтығы 4,7%-ға (15%-дан 10,3%-ға) азайды.

Ақтөбеден бастау алған «Білім ALL» бірегей жобасы қазір бүкіл елге үлгі.

«Өңірлік жобаның тиімділігі нәтижесінде «Қазақстан халқына» қоры аймақтағы 12 тірек және 134 шағын жинақты мектепті жалпы құны 5 млрд. теңгені құрайтын заманауи құрылғылармен қамтамасыз етуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына қоры» ҚҚ, «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ауыл балалары үшін бұрын-соңды болмаған қолдау жасап отыр», - деді  Ералы Тоғжанов. 

Облыс әкімі өңірдегі педагогтердің тапшылығын сөз етті. 

«Өңірде  99 ауыл педагогі тапшы. Жаңа оқу жылында жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген 177 жас маман ауыл мектептеріне барады. Сондықтан бүгінгі «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбындағы тамыз кеңесі отырысының Ақтөбеде өтуінің өзі орынды. Ақтөбе облысы ауыл мектебін дамыту бойынша тұтас ел аумағына үлгі болып отыр», - деді облыс басшысы. 

Облыстың білім саласын дамыту бағытында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, орталықтандырылған бұлтты бухгалтерия енгізіледі, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, жылына 5 млрд.теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының ашықтық және жариялылықты қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, педагогтерді жұмысқа қабылдау «Jumys» электронды платформасы арқылы жүргізіледі. Оған бүгінгі күні 85 қала мектебінің деректері енгізілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу бойынша бірыңғай оператор айқындалатын болады. Мектептердің шаруашылық қызметін жергілікті әкімдіктердің қарамағына беру жоспарлануда. Мектептердің жылу қазандықтары мен электр трансформаторларын беру білім беру ұйымдарының педагогикалық емес қызметпен айналысуынан арылту мәселесі шешімін табады. 

Тақырыптық алаң барысында шағын жинақты ауылдық мектептердің білім беру сапасын арттыру, жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру, сапалы білім беру қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, цифрлық платформаларды пайдалана отырып, білім алшақтығын азайту, ұлттық рухта тәрбиелеудің мәні мен құндылығы мәселелері талқыланды.

«Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Өмірбекова, ҚР Нңбек сіңірген мұғалімі Күләш Шәмшидинова, облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, Ұлттық білім академиясының Орта білім беру институты директорының орынбасары Салтанат Жұмабаева, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев, «Bilim Media Group» компаниясының директоры, «Online Mektep» платформасының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы және тағы басқалар баяндама жасады. 

Ақтөбе облысы – барлық аудандарында тірек мектептері жыл соңына дейін пайдалануға берілетін еліміздегі жалғыз өңір екенін айтып өткен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының директор Данияр Тоқтарбаев.

«Біздің жобамен 12 тірек мектеп және 134 шағын жинақталған мектеп қамтылды. Мұнда біз «Қазақстан халқына» қорымен және НЗМ-мен бірлесіп, мектептердің материалдық базасын жақсарту, оларды жарақтандыру, педагогтердің біліктілігін арттыру және т.б. бойынша кешенді жұмыс істейміз. Қор құрылған сәттен бастап әлемдік үздік білім беру тәжірибелерін интеграциялау және тарату алаңына айналды, біз қолдау көрсеткен серіктестерге алғыс айтамыз және осындай жобалар еліміздің басқа да салаларында іске асырылады деп үміттенеміз», - деді Данияр Тоқтарбаев.

Сессия тамыз кеңесінің қарарын қабылдаумен аяқталды.

«Ауыл мектептерін тиімді дамыту — маңызды мәселе. Көптеген шалғайдағы елді мекендер сондай мектептердің арқасында жойылмай тұр. Әрбір шағын жинақты мектептің жағдайы ауыл тағдырымен тікелей байланысты. Бүгінгі  пленарлық сессия аясында  айтылған тың ойлар, ілкімді ұсыныстар мен соны пікірлер, бізге алдағы уақытта бағытымызды тағы бір мәрте жүйелеуге өз септігін тигізетініне сенімдімін», - деп сөзін қорытындылаған Ералы Тоғжанов, педагогтерге шығармашылық табыстар, еңбектері оқушылардың жетістіктері мен жеңістеріне айналсын деген тілегін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға