Жаңалықтар

Ақтауда жазғы Универсиада ойындары өтіп жатыр

Ақтауда жазғы Универсиада ойындары өтіп жатыр
Фото: Yessenov University 04.06.2023 13:57 1091

Қазір спорт сүйер қауым мен студент жастардың назары – Маңғыстау облысында. Өйткені Ақтау қаласында бұрын-соңды болмаған спорт бәсекесі жүріп жатыр. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Yessenov University ұйымдастыруымен 2023 жылғы 24 мамыр – 24 маусым аралығында жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы ХІІ ЖАЗҒЫ УНИВЕРСИАДА ойындары өтеді.

Универсиада – мәртебесі жағынан Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші орындағы спорттық сайыс. Бірақ бұған дейін әр жылдары әр өңір мен әр жоғары оқу орны бірлесіп өткізіп келген Универсиаданы бұл жолы Yessenov University жеке ұйымдастырып отыр. Сол үшін де қатысушыларымыз осы универсиаданы олимпиадалық деңгейде өтіп жатыр деп, ризашылықпен бағалады.

Тағы бір ерекшелігіміз – алдыңғы универсиада бағдарламаларында 30-дан аса спорт түрі болса, қазіргі таңда олар 17-ге дейін ықшамдалып, ең негізгі спорт түрлері ғана таңдап алынды. Бұл дегеніміз – саннан сапаға көшу. Яғни университеттердегі спортшылардың көп айналысатын спорт түрлерінің бейініне қарай, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесе отырып, Дүниежүзілік Универсиаданың бағдарламасына басымдық бердік. Біздің XII жазғы Универсиадамыздың жеңімпаздары алдағы тамыз айында Қытайдың Чэнду қаласында өтетін XXXII Дүниежүзілік Универсиадаға жолдама алады. Тіпті осы ойындарда жарқырап шыққан жас жұлдыздар 2024 жылғы Париж олимпиадасына да қатысады деп үміттенеміз.

Жалпы спорттық олимпиада, жазғы немесе қысқы универсиада ойындарын өткізу – ұйымдастырушы тарап үшін тек мақтаныш пен бәсеке ғана емес, тәрбие мен тәжірибе деп есептейміз. Өйткені мұндай ауқымдағы байрақты бәсекелер өткен жерлерде балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы артып, олар да спортқа бейім болып өседі. Саламатты өмір салты насихатталып, дене шынықтыру мәдениеті мен бұқаралық спортқа сұраныс артады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, болашағын ойлаған аймақ шығыны мен әуресіне қарамастан осы бағыттағы игі істерден аянбайды.
Қазақстан 2017 жылы Алматы қаласында XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын жоғары дәрежеде өткізді. Бұл жағынан еліміз біраз тәжірибе жинады. Енді болашақта Дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындарын өткізуге де ынталымыз.

Бұқаралық және кәсіби спортты әрқашан қолдайтын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту мақсатында ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыру туралы ұсынысын айтты. Бұл бастама алдағы Дүниежүзілік жазғы Универсиаданың алғашқы қадамдары болары сөзсіз. Айтпақшы, біздің Ақтау Универсиадасының үздіктері Түркістан шаһарында өтетін ІІ Түркі универсиадасына да қатыса алады.

Есенов университеті бұған дейін әр жылғы сайыстарға студенттерін белсенді қатыстыра жүріп, өзіміз де универсиада алауы мен жалауын алуға әбден дайындалдық. 2021 жылы Киелі Түркістаннан Қасиетті Маңғыстауға жеткен кезекпен ұлы істі бастап кеттік.
Универсиадаға еліміздегі ең іргелі 55 университеттің 3000-нан астам студенті қатысып жатыр. Жарыс кестесі бойынша алғашқы ойындарды үстел теннисі мен жүзу бастап берді.

БАҚ өкілдері үшін Yessenov University Спорт кешенінде арнайы ақпарат алаңын жасақтап қойдық. XII жазғы Универсиаданың барлық жаңалықтары баспасөз брифингінде күнара жарияланып тұрады. Сондай-ақ universiade.yu.edu.kz ресми сайтын ашып қойдық.
Маңғыстау облысының 50 жылдығы, Ақтау қаласының 60 жылдығы аясында, Универсиаданы жоғары деңгейде өткізуге облыс және қала әкімдіктері де айрықша атсалысып жатыр. Атап айтқанда, жүзу, волейбол, таэквандо, шахмат, тоғыз құмалақ ойындары – Есенов университетінде, өзіміздің спорт кешенімізде өтеді.

Ал үстел теннисі – Теннис орталығында; еркін күрес, дзюдо, грек-рим, қазақ күресі, әйелдер күресі, жеңіл атлетика жарысы – «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде; баскетбол, футзал, бокс – «Халық-Арена» спорт сарайында; волейбол – «Батыр» спорт кешенінде; бадминтон – «Жас қанат» спорт кешенінде; каратэ – «Волна» спорт кешенінде өтеді.

Универсиаданың ашылу салтанаты – 5 маусым күні өтсе, жабылуы – 22 маусым күні «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде жоспарланған. Оған қатысушы қонақтар арнайы дайындалған шоу бағдарламаны тамашалайды. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Білім алушылар оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – университеттің басты мақсаты.

Универсиада қарсаңында біз оқу орнымыздың бас корпусының жанынан 1500 орындық Стадион құрылысын салуды бастадық. Жаңа стадион құрылысы біткен соң басқа да спорт сайыстарын жиі өткізіп тұруды жоспарлап, тәжірибе жинап жатырмыз.

Берік АХМЕТОВ,
Yessenov University президенті.
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға