Жаңалықтар

Ақтауда «Mangystau Future 2025» инвестициялық форумы өтті

16.05.2025 23:47 1275
Ақтауда «Mangystau Future 2025» инвестициялық форумы өтті

Ақтау қаласында «Mangystau Future 2025» өңірлік инвестициялық форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылып, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту мәселелерін талқылауға арналды.

Форумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов, ҚР Спорт және туризм министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, Бас прокуратура, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері, сондай-ақ 50-ден астам инвестор мен 100-ден астам кәсіпкер қатысты.

Форум аясында өңірдегі бизнестің дамуына кедергі келтіретін жүйелі мәселелер, инвестициялық ахуал, көлік логистикасы және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру мәселелері талқыланды. 2025–2032 жылдар аралығында Маңғыстау облысында жалпы құны жоғары 61 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтылды. Бұл жобалар аясында шамамен 6 900 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Форумда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында прокуратура органдары жүргізген жұмыстардың нәтижелері де таныстырылды. Атап айтқанда, соңғы бір жылда өнеркәсіп, логистика, салық саласы және мемлекеттік сатып алулар бағыттарында ондаған жүйелі мәселелер шешіліп, көптеген әкімшілік кедергілер жойылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға