Жаңалықтар

Ақтауда Адай жылқысына мәртебе беретін куәлік табысталды

Ақтауда Адай жылқысына мәртебе беретін куәлік табысталды
Фото: mangystaumedia.kz 25.01.2024 23:48 495

Бүгін Ақтауда «Адай» жылқысының мәртебе алуына орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі  mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Салтанатты шарада Ұлттық зияткерлік меншік институтының, Ауыл шаруашылығы және Әділет министрлігінің өкілдері «Адай жылқысы» брендін пайдаланудың айрықша құқығын растайтын куәлікті «Асыл тұқымды «Адай» жылқысы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігіне табыстады.

Енді «Адай» тұқымды қазақ жылқысының ерекше қасиеттері заңды түрде бекітілді. Сарапшылар заманауи технологияларды қолданып, жылқылардың генетикалық құрылымын анықтау үшін ғылыми сынақтан өткізді.

Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып, қазақтың адай жылқысының ерекшеліктері енді заңды түрде қорғалғанын айтты.  Бұл өз кезегінде жылқы өсірушілерге қазақтың «Адай» жылқысының тұқымын сақтау, өсіру және насихаттау үшін тиімді болмақ. Сонымен қатар ұлттық ойындарды, соның ішінде көкпар мен бәйгені насихаттауға ықпал етеді. 

«ҚазПАТЕНТ» географиялық ерекшелігіне қарай Алматы апортынан кейін, «Адай» жылқысының тұқымын патенттеді. Тұқымның жаңашылдығы, ерекшелігі мен біртекітілігі ғылыми, патенттік критерийлерге сәйкестігі  ұлттық брендке айналуына мүмкіндік берді. Айрықша құқықтардан басқа, патент иесіне 30 жылдық қауіпсіздік мерзімі беріледі. Патенттер тек «Адай» тұқымына ғана емес, оның 2 типімен мен 3 желісіне де берілді, - деді Айдын Артықова. 

Айта кетейік, 2022 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде ғылыми тануды тапсырған болатын. 

Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов Қазақстан Президентіне «Адай» тұқымды қазақ жылқысының мәртебесін нығайтуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Мамандар  Адай тұқымды қазақ жылқысын ұлттық бренд ретінде тану үшін үлкен жұмыс атқарды. Ол үшін Маңғыстауға ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің арнайы мемлекеттік комиссиясының мүшелері шақырылды. Сарапшылар облыстың барлық аудандарындағы 1400-ден астам Адай жылқыларын зерттеді. Нәтижесінде Адай жылқысының бірегейлігін растады. Маңғыстау ақсақалдарының атынан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақтың Адай жылқысының мәртебесін алуға қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз, - деді Серікбай Төлетов.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «Адай» жылқысына патент алу жұмыстың маңызды бөлігі аяқталғанын, дегенмен атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі әлі алда екенін жеткізді.

Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізілген жұмыстың арқасында Адай тұқымды қазақ жылқысы Қазақстанның ұлттық бренді болып отыр. Бұл мақтаныш сезімін тудыратын маңызды жетістік. Біздің басты мақсатымыз-ата-бабаларымыздың мұрасын құрметтеу арқылы ұлттық болмысымызды сақтау. Мұндай мәртебе алу тұқымның бірегей генетикалық қасиеттері мен мәдени мұраны сақтауға, селекциялық бағдарламаларды дамытуға, тұқымды сақтап қалуға және сапасын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай - ақ, асыл тұқым мәртебесі халықаралық жарыстарда мемлекет мүддесін қорғауға және туристерді тартуға ықпал етеді, - деді өтті өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Қазақтың Адай жылқысы Арал-Каспий ойпатының аумағында жергілікті жылқы популяциясының көпжылдық халық селекциясы негізінде қалыптасты. Бұл тұқымның жылқылары жергілікті қатал табиғи-климаттық жағдайларға жақсы бейімделген. Сыртқы ерекшеліктерге айрықша төзімді және күтіп-баптау жағдайларына тез үйренеді. 

Еске салайық, былтыр қарашада Кендірлі ауылында өткен халықаралық турнирде Адай тұқымды қазақ жылқысы өзінің ерекше қасиеттерін көрсетті. Онда қазақтың адай жылқысын Халықаралық ат спорты федерациясының алты төрешісі, оның ішінде БАӘ сарапшылары бағалады.

Бұл жарыста Көк Жебе есімді Адай жылқысы 4 сағат 48 минут 36 секундта 100 шақырымдық қашықтықты жүріп өтіп, жеңіске жетті.

Сондай-ақ, 2022 жылы «Ұлы дала жорығында» Адай жылқысы өзінің табандылығы мен айрықша мінезін көрсетті. «Көкмойнақ» командасы адай жылқысымен 1200 шақырым жүріп өтіп, республикалық марафонында бірінші орынды иеленген еді.

Былтыр да бұл марафонда маңғыстаулық Адай жылқысының шабандозы Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды небәрі 98 сағат 44 минут 47 секундта бір атпен жүріп өтіп, рекорд орнатқан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға