Ақтауда «Әбіш оқулары» республикалық байқауы өтті
21.05.2025 19:45
443

Фото: otpannews.kz
Ақтауда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпаққа Әбіш Кекілбаевтың мол рухани мұрасын таныстыру, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру. Байқауға еліміздің әр өңірінен 158 оқушы қатысып, жазушының шығармаларын мәнерлеп оқу, зерделеу, жобалар қорғау, иллюстрациялық сурет салу және сахналық қойылымдар бағытында бақ сынады.
Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Гүлнар Қалимжанова, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық білім басқармасының қызметкерлері, жазушының туыстары, қазылар алқасы, жетекшілер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конкурс қорытындысы бойынша төрт бағытта 72 оқушы жүлделі орынға ие болды. Жеңімпаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары мен «Меломан» кітап дүкенінің сыйлық сертификаттары табысталды. Сонымен қатар барлық бағыт бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар «Ең үздік команда» номинациясымен марапатталды.
Жеңімпаз командалар:
І орын – Атырау облысы,
ІІ орын – Алматы қаласы,
ІІІ орын – Жамбыл облысы.
Айта кетейік, бұл конкурс 2018 жылдан бері республикалық деңгейде өткізіліп келеді.
Бөлісу:

Келесі жаңалық
Күлкі денсаулыққа оң әсер етеді: ғалымдар дәлелдеді