Жаңалықтар

Ақтау жастары қаладағы есірткі жарнамаларын өшірді

Ақтау жастары қаладағы есірткі жарнамаларын өшірді
Фото: МО жастар ресурстық орталығы 10.02.2024 14:21 413

Маңғыстау өңірлік жастар  ресурстық орталығы мен   облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары есірткі саудасын жарнамалайтын граффити-жазуларды өшірді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

МО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Д. Қолғанатовтың айтуынша, 1, 1 в және 6-шағынаудандарда 100-ге жуық граффити жазуын өшірген. Ол есірткі саудасына тосқауыл қою мақсатында жарнама жазбаларын жою жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Ал жыл басынан бері Ақтау қаласы аумағында граффити-жазуын өшіру бойынша төрт профилактикалық жұмыс 3, 9, 1, 1 в-шағынаудандарында жүргізілді. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Баянқызы мұндай рейдтер  теріс пиғылды топтардың жолын кесуде және есірткіге елітудің залалды салдарын жастарға түсіндірудің ұтымды тәсілі екенін ескертті. 

Нашақорлықпен күрес — бәрімізге ортақ мәселе. Өткір мәселені тиімді шешу үшін мүдделі жандар жұмыла атсалысуы тиіс. Негізі жастар жаман әдеттен бойын аулақ салып, спортпен, сүйікті істерімен шұғылдануы қажет. Сондай-ақ, әр жас жеткіншек ештеңеден қорықпай, өзі бетпе-бет келген мәселені ашық жеткізсе, қателікке ұрынбас еді. Мұндай жарнама жазбаларын көрген жағдайда, өшіріп жүруге шақырамын, - деді Гүлмира Баянқызы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға