Жаңалықтар

Ақшаны депозитке қай валютада сақтаған тиімді?

Ақшаны депозитке қай валютада сақтаған тиімді?
Фото: Коллаж El.kz 07.08.2023 12:00 2460

Әр адам өзінің болашағына алаңдап, түрлі мақсатта қаражат жинайды. Ақшаны жинап қана қоймай, оны барынша көбейткісі келеді. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі қаржы жинаудың тиімді тәсілі мен оны көбейтудің жолдарын білу үшін экономист сарапшы Асылбек Күздеубаевқа бірқатар маңызды сауалдарды қойдық.

Ақшаны қалай, қайда сақтаған дұрыс?

Сарапшының айтуынша, алдымен қаржыны жинамастан бұрын адамдарға оны пайдалануды, дұрыс жарату мен өзіне жұмыс істете білуді үйреніп, қаржылық сауаттылығын арттыруы қажет.

Көбіне адамдар соңғы ақшаларын тұтынуға арналған заттарға жұмсап тастайды. Осылайша ақшаны тиімді жаратудың орнына оны қажет емес дүниелерге құртады. Сондықтан ақшаны көбейту үшін адам өзіне қаржыны қандай мақсатта қайда жұмсағаны жайлы есеп беріп отыруы қажет, - дейді ол.

Қазіргі таңда қаражатты үйінде жинайтындардың саны кемде кем. Көпшілік ақшасын депозитте сақтағанды жөн санайды. Депозитке қаржы құю арқылы үстіне белгілі пайызда табыс түсіп отырады.

Өз басым адамдарға қолынан қандай да бір қаржы артылып қалатын болса, депозитте сақтауға кеңес беремін. Оны қай жағынан алып қараса да тиімді болып келеді. Мәселен, сіз ақшаны үйде жинасаңыз одан ешқандай пайда көрмейсіз, керісінше уақыт өте келе теңгенің құны түсіп, табысыңыз төмендеп кетуі мүмкін, - деді Асылбек Үсенұлы.

Депозит ашатын банктердің ішіндегі тиімдісін қалай анықтаймыз?

Сарапшының пікірі бойынша банктердің арасындағы тиімдісін анықтау адамның өзінің қажеттілігімен, қаржыны депозитке қанша мерзімге салатындығымен тікелей байланысты.

Қазақстандағы банктердің пайыздық үстемақысы әртүрлі. Әр банктің өзіндік артықшылығы бар. Мысалы, сіз қаржыңызды қысқа мерзімге сақтап, жарты жыл көлемінде шешіп алмайтын болсаңыз, онда 15-16 пайыз мөлшерінде үстемақы беретін депозитті таңдай аласыз. Сондай-ақ ақшаңызды кез келген уақытта шешіп алуға, толықтырып тұруға мүмкіндігіңіз болады. Алайда сіз бұл жерде қаражатыңызды алып-сала бергеннен, яғни оның тұрақсыз болуынан ұтылып қаласыз. Ал егер ұзақ мерзімге қаржы салатын болсаңыз, сәйкесінше оның үстемақысы да жоғарылайды және ақшаны алып-салуға мүмкіндік болмайды, - деді экономист.

Ақшаны қай валютада сақтаған тиімді болады?

Әркім ақшаны өзі қалаған валютада сақтайды. Бірі теңгені таңдаса, екіншісі түрлі шетелдік валютамен жинауы мүмкін. Алайда экономист депозитке салатын қаражатты тек бір ғана валютада емес, мүмкіндігінше басқа да валютада сақтауға кеңес береді.

Мен әдетте ақшаның 50 пайызын теңгеде, 50 пайызын доллар немесе еврода жинауға кеңес беремін. Себебі доллар ешқашан өзіндік құнын жоғалтпайды, ол үздіксіз өсу үстінде болады. Ал біздің теңгенің құнсыздануы әр жыл сайын байқалады. Осы жерде бір мысал келтіре кетейін. Мәселен, сіз депозитке ақшаңыздың 50 пайызын теңгемен, 50 пайызын доллармен салдыңыз делік. Бірақ осы жылы теңгенің құлдырауына байланысты сіз өзіңіздің табысыңызды жоғалттыңыз. Ал доллармен салған ақшаңыз доллар құнының өсуіне байланысты артық табысқа шығарады. Осылайша екі валюта бір-бірін толықтырады. Яғни сіз теңгеде жоғалтқан табысыңызды, доллармен тапқан қаражатыңызбен толықтырасыз, - деді Асылбек Күздеубаев.

Сондай-ақ сарапшы қаржыны рубльмен жинауға кеңес бермейтінін айтты.

Қазіргі Ресей мен Еуропа, Америка арасында болып жатқан түрлі саяси-экономикалық санкциялардың өзі рубльдің тұрақсыздығын арттырып жіберді. Сондықтан ақшаңызды рубльмен сақтаудың қажеті жоқ. Ал қаржыны юаньмен жинауға өте сирек кеңес беремін. Оны Қытайда кәсібі бар, сол елмен тұрақты байланысатын азаматтарға ұсына аламын. Алдағы уақытта 2024 жылы әлемде юаньнің құны артып, тұрақтылығы артады деген болжам бар, - деді ол.

Қаржыны қалай көбейтуге болады?

Ақшаны көбейтудің депозиттен бөлек, инвестиция салу, акция сатып алу сынды түрлері бар. Сарапшы Асылбек Күздеубаев қазіргі Қазақстанның жағдайында, қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығы өспей тұрған кезінде бағалы қағаздар нарығында ойнау өте үлкен қауіп төндіретінін айтады.

Кез келген адамның артық ақшасы болса, оны депозитке салғаны абзал болады. Ал егер депозиттен басқа қаржыны көбейтудің жолдарын қарастырсаңыздар, оны түрлі кәсіптерге сала аласыздар. Болмаса қайтарымдылығы жоғары сенімді бизнес идеяларға салу тәсілін ұсына аламын, - деді ол.

Сонымен қатар экономист жылжымайтын мүліктерді алып-сату арқылы қаражатты көбейтуге болатыны жайлы да ойын қоса кетті.

Қаражатты көбейтудің тағы бір жолы – жаңадан салынған пәтерлерді сатып алып, ішіне жеңіл жөндеу жұмысын жүргізіп, оны әлдеқайда қымбатқа сату. Бұл да бір инвестицияның бір түрі. Әрине адам әр нәрсені бастағанда тәуекел ететіні анық. Сондықтан бір істі бастамас бұрын ақшаның қайтарымдылығына алдын ала анализ жасау қажет, - деді ол.

Бір адамға бір банктен депозит ашқан тиімді ме?

Кез келген азамат қай банктен депозит ашамын десе де оған еркіндік берілген. Бір банкпен де, бірнеше банкпен де жұмыс істеуге мүмкіндігі шексіз. Бірақ бұл жерде сарапшы өзіндік маңызы бар ескере кететін бір жайтты атап өтті.

Мәселен, сізде артық 50 миллион теңге бар делік. Сіз бұл қаражатты 3 банкке бөліп сақтадыңыз. Егер банктер банкротқа ұшырап жатса, шетелдік валютамен 5 миллион теңгеге дейін, отандық валютамен 20 миллион теңгеге дейін мемлекет кепілдік береді. Сонда сіз 50 миллион теңгеңізді 3 банкке бөліп салғаныңыздың арқасында қаражатыңызды сақтап қаласыз. Ал егер о, баста 50 миллион теңгені тек бір банкке салғаныңызда, оның тек 20 миллион теңгесі қайтып келіп, қалған 30 миллион теңге ақшаңыз күйіп кетер еді, - деді Асылбек Үсенұлы.

Адам шамамен жалақысының қанша пайызын депозитке салып отыруы тиіс?

Кез келген адамның міндетті түрде жалақысының белгілі бір бөлігін сақтауы қажет деген ереже жоқ. Бірақ адам ақшасын үнемдеп, артығын жинағаны өзіне пайдалы болмақ.

Біздің елімізде халықтың табысының өсу деңгейі өте баяу жүріп жатыр. Ал нарықтағы бағаның, инфляцияның, қымбатшылықтың динамикалық жылдамдығы бірнеше есе жоғары. Сондықтан қазіргі таңда халыққа қаражатының нақты бір пайызын жина деп айтудың өзі қиын. Дей тұрғанмен айлығы орташа тұрғындар 10 пайыз айлығын жинағаны дұрыс болады. Кез келген жұмысшы ақшасы бірден білінбей депозитке кетіп отыруы үшін өзі жұмыс істейтін мекеменің есепшісімен келісімге келуіне болады. Сол кезде сіздің айлығыңыздың 10 пайызы бірден айлығыңыз түскенде депозитке жиналып отырады, - деді сарапшы.

Асылбек Күздеубаевтың айтуынша, ақша жинау үшін адам өзінің ұстаған қаражаты туралы өзіне есеп беріп отыруы тиіс. Қазір көпшілік телефондағы аударым, карта арқылы төлем жасайтын болғандықтан, ақшасының қайда кеткенін білмей қалады. Содан жоспарлаған қаражатынан артық ақша жұмсап қойып, депозитке жинауға мүмкіндігі болмайды. Сол үшін де экономист қарапайым халыққа мүмкіндігінше ақшаны қолға ұстап жаратуға, өзіне кетірген шығыны туралы есеп беруге кеңес береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға