АҚШ Мемлекеттік департаменті туристік және іскерлік визаларды рәсімдеуге қатысты жаңа талаптарды жариялады. Енді 3 тамыздан бастап кейбір мемлекеттердің азаматтары АҚШ-тың B-1/B-2 санатындағы визасын алу үшін 20 мың АҚШ долларына дейін кепіл жарнасын төлеуі мүмкін.
Жаңа тәртіпке сәйкес, кепіл жарнасы АҚШ-та болу мерзімін жиі бұзатын немесе визалық талаптарды сақтамау тәуекелі жоғары елдердің азаматтарына қолданылады. Бұл қаражат шетелдік азаматтың иммиграциялық емес мәртебесін сақтап, белгіленген мерзімде елден шығуына кепілдік ретінде қарастырылады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, консулдық қызметкерлер әрбір өтінішті жеке қарастырып, қажет болған жағдайда визаны беру шарты ретінде 20 мың долларға дейінгі кепіл жарнасын талап ете алады. Яғни бұл талап барлық өтініш берушілерге бірдей қолданылмайды, соңғы шешімді консулдық қабылдайды.
Жаңартылған тізімге жалпы саны 50 мемлекет енді. Оның ішінде 30-ы – Африка елдері. Сонымен қатар Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан азаматтары да осы талапқа ілігуі мүмкін.
Ал Қазақстан бұл тізімге енгізілген жоқ. Демек, қазақстандық азаматтар АҚШ-тың туристік немесе іскерлік визасын рәсімдеу кезінде аталған кепіл жарнасын төлеуге міндеттелмейді.
Айта кетейік, бұған дейін, биыл наурыз айында АҚШ Мемлекеттік департаменті кейбір елдердің азаматтарына 15 мың доллар көлемінде визалық кепіл жарнасын енгізген болатын. Ол кезде де Қазақстан аталған мемлекеттердің қатарына кірмеген еді.
Жаңа шара АҚШ-тың көші-қон талаптарын күшейту және визалық режимнің сақталуын бақылауды арттыру мақсатында қабылданып отыр. Консулдықтар өтініштерді қарау кезінде әрбір жағдайды жеке бағалап, кепіл жарнасын талап ету немесе талап етпеу жөнінде шешім қабылдайды.