АҚШ-та әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі байланыс ақауына байланысты елдегі барлық әуежайлардан ұшақтардың ұшып шығуына уақытша шектеу енгізілді. Шекктеу төрт сағаттан астам уақытқа созылып, кейін күшін жойды. Алайда техникалық ақаудың салдары әуе компаниялары мен әуежайлардың жұмысына әсер етуді жалғастырды.
АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы (FAA) 13 қараша, жұма күні қауіпсіздік мақсатында ел бойынша барлық рейстердің ұшуын уақытша тоқтатты. Ведомство бұл шешімді төтенше жағдаймен және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірді.
АҚШ Көлік министрі Шон Даффидің айтуынша, шектеуге әуе қозғалысын басқару орталықтарындағы байланыс жүйесінің істен шығуы себеп болған. Оның сөзінше, FAA мамандары ақаудың нақты себебін анықтап жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, телекоммуникациялық жүйелерде уақытша іркіліс болған. Әуеде жүрген ұшақтарға қонуға рұқсат берілді, ал халықаралық рейстерге қатысты шешімдер жеке тәртіппен қабылданды.
FlightAware ұшу мониторингі сервисінің деректеріне сәйкес, оқиға салдарынан АҚШ-та шамамен 11 мың рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған.
Халықаралық рейстерге де әсер етті
Техникалық ақау халықаралық әуе қатынасына да ықпал етті. FAA сұранысынан кейін 42 мемлекетті біріктіретін Еуропалық әуе навигациясы қауіпсіздігі ұйымы (Eurocontrol) АҚШ-қа бағытталған рейстердің ұшуын уақытша тоқтатты.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Маркуэйн Маллин ақаудың салдарын толық жоюға бір сағат жеткіліксіз екенін айтып, қалпына келтіру жұмыстарына уақыт қажет болатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, әзірге оқиғаның қасақана жасалған шабуыл екеніне ешқандай белгі жоқ. Bloomberg агенттігінің дереккөздері де ФБР бұл жағдайды кибершабуылмен немесе өзге де қылмыстық әрекеттермен байланыстырмай отырғанын хабарлады.
Тексеріліп жатқан болжамдардың бірі – жүйенің бағдарламалық жаңартудан кейін істен шығуы. Дегенмен ақаудың нақты себебі әзірге анықталған жоқ.
АҚШ-та барлық әуежайлардан ұшатын рейстерге жалпыұлттық шектеу соңғы рет 2023 жылғы 11 қаңтарда енгізілген. Ол кезде ұшқыштарға маңызды ақпарат пен ескертулерді жеткізетін NOTAM жүйесінде ақау болып, рейстер шамамен бір жарым сағатқа тоқтатылған еді.
Ал бұған дейін мұндай ауқымды шара 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін қабылданған болатын. Сол оқиғалар салдарынан үш мыңға жуық адам қаза тапты.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі қазіргі техникалық ақаудың 2001 жылғы оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ екенін арнайы атап өтті.
Қазіргі уақытта АҚШ-та әуе қатынасы қайта қалпына келтірілгенімен, техникалық ақаудың түпкі себебін анықтау және рейстер кестесін қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда.