АҚШ Қазақстанды туристер үшін ең қауіпсіз елдердің қатарына қосты

АҚШ Қазақстанды туристер үшін ең қауіпсіз елдердің қатарына қосты
Фото: El.kz архиві

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды саяхат қауіпсіздігі бойынша ең төменгі қауіп деңгейі саналатын Level 1 санатына енгізді. Бұл санаттағы елдерге баратын туристерге кез келген шетелдік сапар кезінде сақталатын қалыпты сақтық шараларын ұстану ғана ұсынылады.

Қазақстанмен бірге бұл топқа Австралия, Канада, Жапония, Швейцария, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Польша, Норвегия және тағы бірнеше ондаған мемлекет, соның ішінде көршілес Өзбекстан мен Моңғолия кірген.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің саяхат қауіпсіздігі жөніндегі бағалау жүйесі төрт деңгейден тұрады.

Level 2 (сары түс) – сақтық шараларын күшейтуді білдіреді. Бұл санат терроризм, қылмыс секілді нақты қауіптерге байланысты белгіленеді. Танымал еуропалық бағыттардың басым бөлігі, соның ішінде Франция, Ұлыбритания, Италия, Германия және Испания осы деңгейге жатады.

Level 3 (қызғылт сары түс) – елеулі қауіптің бар екенін көрсетеді және сапардың қажеттілігін қайта қарау ұсынылады.

Ал Level 4 (қызыл түс) – өмірге төнетін қауіптің ең жоғары деңгейі. Бұл санатқа Ресей, Украина, Беларусь, Ауғанстан, Иран, Сирия және тағы бірқатар мемлекет енгізілген.

Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?

Айта кетерлігі, бұл бүкіл әлем бойынша жасалған әмбебап қауіпсіздік рейтингі емес. Бұл – АҚШ азаматтарына арналған саяхат жөніндегі ресми ұсыным.

Соған қарамастан, бағалаудың өзіндік маңызы бар. АҚШ Мемлекеттік департаментінің бағалауында Қазақстан ондаған жыл бойы туристер үшін қауіпсіз әрі тұрақты ел ретінде танылып келе жатқан мемлекеттермен бір санатқа кірді.

Қызығы, Еуропадағы жыл сайын миллиондаған турист баратын бірқатар танымал бағыт АҚШ Мемлекеттік департаментінің бағалауында Қазақстанға қарағанда қауіп деңгейі жоғары елдер ретінде көрсетілген.

Осы бағалауға сәйкес, Қазақстан АҚШ азаматтары үшін тұрақты әрі қонақжай туристік бағыт ретінде сипатталады. Яғни елге сапар кезінде артық алаңдауға негіз жоқ.

Оқи отырыңыз