Әлемде шетелдік студенттер үшін бәсеке күшейіп келеді. Бірқатар ел оқуға қабылдау мен виза талаптарын қатаңдатса, енді бірі халықаралық жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып жатыр. Соның әсерінен талапкерлердің таңдауы да өзгеріп, Азия мен Таяу Шығыстағы университеттерге қызығушылық арта бастады.
АҚШ пен Ұлыбританияға бәсекелес елдер көбейіп келеді
Ұзақ жылдар бойы шетелде оқуды жоспарлаған жастардың негізгі таңдауы АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Австралия болды. Бұл елдердегі университеттердің беделі жоғары, ал дипломдары халықаралық еңбек нарығында жоғары бағаланады. Алайда кейінгі жылдары жағдай өзгере бастады.
Smapse Education халықаралық білім беру компаниясының тең құрылтайшысы әрі басқарушы директоры Николай Воротныйдың айтуынша, бұрынғы көшбасшы елдер шетелдік студенттерге қатысты талаптарды күшейтіп жатыр. Соның салдарынан жастар басқа мемлекеттердегі оқу мүмкіндіктерін де қарастыра бастаған.
2025 жылдың күзінде АҚШ-қа жаңадан келген шетелдік студенттер саны 17 пайызға азайды. Ұлыбританияда 2026 жылдың маусымына дейінгі бір жылда берілген студенттік визалар саны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға қысқарды. Ал 2023 жылғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда төмендеу 41 пайызға жетті.
Канада да шетелдік студенттер санын шектеуге көшкен. 2026 жылға арналған жоспар бойынша елге жаңадан келетін халықаралық студенттер саны 155 мың болуы тиіс. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 306 мыңға жуықтаған. Австралия болса, студент қабылдауды реттеп, визалық алымды көтерді.
Дегенмен сарапшы бұл елдердің білім нарығындағы ықпалы бірден әлсірейді деген пікірмен келіспейді.
Оксфорд, Кембридж, Гарвард және Массачусетс технологиялық институты әлі де әлемнің үздік университеттері қатарында. Дарынды жастар бұл оқу орындарына түсуге ұмтылады. Мәселе білім сапасында емес, мемлекеттердің шетелдік студенттерге қатысты саясатының тұрақсыздығында. Сондықтан отбасылар бірнеше елді қатар қарастыра бастады, – дейді ол.
Ал халықаралық білім нарығындағы өзгерістер Азия мен Таяу Шығыс мемлекеттеріне жаңа мүмкіндік ашты.
Азия елдері шетелдік жастарға не ұсынып отыр?
Қазір Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Малайзия, Гонконг және Біріккен Араб Әмірліктері халықаралық студенттерді тартуға ерекше көңіл бөліп отыр.
Бұл елдер үшін шетелдік жастарды оқыту тек университеттердің табысын арттыру емес, болашақта білікті мамандар даярлау мен экономиканы дамытудың да бір жолы.
Мәселен, Дубайда шетелдік университеттердің 37 филиалы жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында халықаралық студенттер саны 29 пайызға артқан. Жергілікті билік 2033 жылға қарай олардың үлесін барлық студенттердің жартысына жеткізуді жоспарлап отыр.
Гонконгта 2026-2027 оқу жылынан бастап университеттерге орындардың 50 пайызына дейін шетелдік студенттерді қабылдауға рұқсат берілген.
Оңтүстік Корея халықаралық студенттер санын 300 мыңға жеткізу мақсатына мерзімінен бұрын қол жеткізді. Ал Жапонияда шетелдік білім алушылар саны 400 мыңнан асқан. Олардың едәуір бөлігі тіл мектептері мен колледждерде оқиды.
Азия елдерінің артықшылығы тек қолжетімді оқу бағдарламаларында емес. Мұнда әлемдік рейтингтерде жоғары орын алатын университеттер де бар. Олардың қатарында Сингапур ұлттық университеті, Наньян технологиялық университеті, Гонконг университеті, Қытайдағы Цинхуа және Пекин университеттері бар.
Беделді университетте арзан оқудың жолы бар ма?
Шетелде білім алудың тағы бір тиімді жолы – танымал университеттердің басқа мемлекеттердегі филиалдарына түсу.
Мысалы, Ұлыбританияның Бирмингем және Хериот-Уатт университеттерінің, Австралияның Вуллонгонг университетінің кампустары Дубайда орналасқан. Ал Малайзияда Монаш және Ноттингем университеттерінің филиалдары жұмыс істейді.
Мұндай оқу орындарының басты артықшылығы – студент халықаралық дипломды әлдеқайда аз шығынмен ала алады.
Мәселен, Ұлыбританиядағы Ноттингем университетінде ағылшын тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бір жылдық оқу ақысы шамамен 24,7 мың фунт (шамамен 14,7-14,8 миллион теңге) стерлинг тұрады. Тұру шығындарын қосқанда бұл сома 37 мың фунтқа (шамамен 22 млн теңге) жетеді.
Ал осы университеттің Малайзиядағы кампусында ұқсас бағыт бойынша оқу ақысы 9,5-10 мың фунт (шамамен 5-6 миллион теңге) шамасында. Тұрғын үй мен күнделікті шығындарды есептегенде жылына 15-18 мың фунт (шамамен 9-10 миллион теңге) жұмсалады.
Яғни бір университеттің дипломын алу құны кампустың орналасқан жеріне қарай екі есеге жуық айырмашылық жасауы мүмкін.
Дегенмен оқу ақысының арзандығына ғана қызығуға болмайды. Шетелдік филиалдарда мамандық таңдауы шектеулі болуы ықтимал. Көбіне бизнес, инженерия және ақпараттық технологиялар оқытылады. Ал медицина немесе кейбір гуманитарлық бағыттар болмауы мүмкін.
Оқытушылар құрамы, ғылыми зерттеу базасы, тәжірибеден өту мүмкіндігі мен студенттік орта да негізгі кампустан ерекшеленеді.
Сондықтан Николай Воротный университет таңдағанда дипломның басқа елдерде мойындалатынын, бағдарламаның аккредитациясын және негізгі кампуста уақытша білім алу мүмкіндігін анықтауға кеңес береді.
Филиалдың болашағы да маңызды. Мәселен, Техас A&M университеті Катардағы кампусын жиырма жылға жуық жұмыс істегеннен кейін 2028 жылға қарай жабу туралы шешім қабылдаған.
Шетелде оқуға қанша ақша қажет?
Бұрын көптеген талапкер алдымен қай елде оқығысы келетінін шешетін. Қазір университет таңдауда қаржылық мүмкіндік пен оқу аяқталғаннан кейінгі жоспар маңыздырақ бола бастады.
Сарапшының айтуынша, отбасылар оқу ақысынан бөлек, баспана, медициналық сақтандыру, тамақтану, жол жүру және виза рәсімдеу шығындарын алдын ала есептейді.
Сондай-ақ университеттің жалпы рейтингінен гөрі нақты мамандық бойынша көрсеткішіне назар аударған жөн.
Университет әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне кірмеуі мүмкін. Бірақ белгілі бір мамандық бойынша үздіктер қатарында болуы ықтимал. Сондықтан оқу орнының жалпы беделін ғана емес, таңдаған бағдарламаның сапасын, түлектердің қайда жұмыс істейтінін және тәжірибеден өту мүмкіндігін зерттеу керек, – дейді сарапшы.
Тағы бір өзгеріс – жастардың шетелдік білім беру жүйесімен алдын ала танысуға ұмтылуы.
Кей отбасылар бірден бакалавриат немесе магистратураға құжат тапсырмай, алдымен екі-үш апталық тілдік және академиялық бағдарламаларды таңдайды. Бұл болашақ студентке елдің тұрмысын, оқу жүйесін және университет ортасын жақынырақ тануға мүмкіндік береді.
Университетке түсу оңай, ал виза алу қиын
Халықаралық білім нарығында бір-біріне қарама-қайшы екі үрдіс қалыптасып отыр. Кейбір университеттер қабылдау талаптарын жеңілдетсе, мемлекеттер визалық ережелерді күшейтуде.
Николай Воротныйдың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын студенттер алдымен университетке түсіп, содан кейін ғана визаны рәсімдеуге кірісетін. Қазір көптеген отбасы дайындықты көші-қон талаптарын зерттеуден бастайды.
Бұған визалық саясаттың жиі өзгеруі себеп.
Мәселен, 2024 жылдың басында Канада оқуға берілетін рұқсаттар санын шамамен үштен бірге қысқартты. Бұл шешім қабылдау науқаны кезінде жарияланып, көптеген талапкерге жоспарын қайта қарауға тура келді.
Ұлыбританияда магистратура студенттерінің басым бөлігіне отбасы мүшелерін бірге алып келуге шектеу енгізілді. Ал 2027 жылдың қаңтарынан бастап оқуды аяқтаған түлектерге берілетін визаның мерзімін екі жылдан 18 айға дейін қысқарту жоспарланған.
АҚШ-та 2026 жылдың жазында шетелдік студенттердің елде болу мерзіміне қатысты жаңа ереже қабылданғанымен, кейін оның қолданылуы сот шешімімен тоқтатылды.
Мұндай өзгерістер әсіресе магистратурада оқуды және диплом алғаннан кейін шетелде жұмыс істеуді жоспарлаған жастарға әсер етеді.
Сондықтан сарапшы бір елге ғана құжат тапсырмай, визалық саясаты әртүрлі екі-үш мемлекетті қатар қарастыруды ұсынады.
Қандай мамандықтардың болашағы бар?
Әлемдік еңбек нарығындағы өзгерістер университеттердің білім беру бағдарламаларына да әсер етіп жатыр.
Қазір компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, инженерия, медицина және бизнес-аналитика бағыттарына сұраныс жоғары.
Дегенмен сарапшы алдағы бес жылда бірнеше саланың білімін қатар меңгерген мамандардың мүмкіндігі кеңейеді деп есептейді.
Мысалы, жасанды интеллект қарапайым бағдарламалау тапсырмаларын орындай алатын деңгейге жетті. Бұл болашақта еңбек жолын енді бастаған бағдарламашылар арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін.
Ал жасанды интеллектіні медицина, қаржы, құқық немесе логистика саласында тиімді пайдалана алатын мамандарға сұраныс жоғары болады.
Биотехнология, энергетика және денсаулық сақтау салаларының да әлеуеті жоғары. Әсіресе дамыған елдерде халықтың қартаюына байланысты дәрігерлерге, мейіргерлерге және күтім көрсету мамандарына сұраныс арта түспек.
Бірақ мамандық таңдауда тек оның танымалдығына сүйену дұрыс емес.
Баланың өзі қызығатын мамандық бойынша сапалы білім алғаны әлдеқайда маңызды. Тек болашағы бар деген себеппен ұнамайтын бағытты таңдау дұрыс шешім болмауы мүмкін. Сондықтан алдымен талапкердің қызығушылығы мен қабілетін, содан кейін еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді ескеру керек, – дейді Николай Воротный.
Университеттер неге студент тапшылығына тап болды?
Әлемнің бірқатар елінде жастар саны азайып келеді. Бұл өзгеріс жоғары оқу орындарының жұмысына да әсер ете бастаған.
Оңтүстік Кореядағы кейбір аймақтық университеттер студент тапшылығына байланысты жабылып жатыр. Жапонияда да жоғары оқу орнына түсетін жастағы жастар саны ұзақ уақыттан бері қысқаруда.
АҚШ-та мектеп түлектерінің саны 2025 жылы ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін азаяды деген болжам бар. Германия, Италия және Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекетінде де ұқсас жағдай байқалады.
Осының салдарынан университеттер үшін шетелдік студенттерді тарту маңызды міндетке айналған.
Ұлыбританияда мәселенің қаржылық жағы да бар. Жергілікті студенттердің оқу ақысына мемлекеттік шектеу қойылғанымен, университеттердің шығындары өсіп жатыр.
Реттеуші органның мәліметінше, Англия университеттерінің 40 пайыздан астамы 2025-2026 оқу жылында бюджет тапшылығы болуы мүмкін екенін болжаған.
Сондықтан оқу орындары шетелдік студенттерді тартудың түрлі жолдарын қарастыруда.
Кейбір университеттер қаңтар айында қосымша қабылдау ұйымдастырады. Енді бірі тілдік дайындығы немесе академиялық көрсеткіштері жеткіліксіз талапкерлерге арнайы курстар ұсынады. Жатақханадан орын беру, шәкіртақы тағайындау және ағылшын тіліндегі бағдарламаларды көбейту де студент тартудың бір тәсіліне айналған.
Гарвард пен Оксфордта талаптар өзгерді ме?
Шетелдік студенттерге арналған мүмкіндіктер көбейгенімен, әлемнің үздік университеттеріне түсу бұрынғыдай қиын.
Гарвард пен Массачусетс технологиялық институты SAT немесе ACT емтихандарының нәтижесін қайтадан міндетті талап ретінде енгізген. Пандемия кезінде АҚШ-тың көптеген университеті бұл емтихандардан уақытша бас тартқан еді.
Оксфорд пен Кембриджде де талапкерлер арасындағы бәсеке жоғары.
Ал орта деңгейдегі университеттер студенттерді қабылдау талаптарын жеңілдете бастады. Олар дайындық бағдарламаларын, қосымша қабылдау мерзімдерін және белгілі бір шарттармен оқуға қабылдау мүмкіндігін ұсынады.
Соның нәтижесінде академиялық көрсеткіштері жақсы, бірақ аса жоғары емес талапкерлер үшін де таңдау көбейген.
Алайда визалық талаптар жеңілдеген жоқ. Мәселен, Австралияда студент елге шынымен білім алу мақсатында баратынын дәлелдеуі тиіс. Канада құжат тапсыру кезінде көрсетілетін қаржылық қамтамасыз ету сомасын арттырған.
Сарапшының пікірінше, бүгінгі талапкер университетке түсуге ғана емес, визалық рәсімдерге де мұқият дайындалуы қажет.
2030 жылға қарай білім нарығында не өзгереді?
Николай Воротныйдың болжамынша, алдағы жылдары халықаралық білім беру нарығында бірнеше жаңа орталықтың ықпалы артады.
Олардың бірі – Германия, Франция және Италия бастаған Еуропа елдері. Бұл мемлекеттер сапалы білім беру бағдарламалары, салыстырмалы түрде қолжетімді оқу ақысы және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.
Екінші бағыт – Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия. Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Малайзия мен Қытай білім саласын дамытуға инвестиция салып, шетелдік жастарды белсенді тартуда.
Үшінші бағыт – Біріккен Араб Әмірліктері бастаған Парсы шығанағы елдері. Мұнда әлемнің танымал университеттерінің филиалдары көбейіп, халықаралық білім орталықтары қалыптасып келеді.
Сарапшы алдағы жылдардағы ең маңызды өзгерістердің бірі ретінде шетелдік университеттердің өзге елдерде кампус ашуын атап өтті.
Мысалы, Үндістанда британдық университеттердің кемінде тоғызына филиал ашуға рұқсат берілген. Бұл үрдіс жалғаса берсе, 2030 жылға қарай Ұлыбританияға бармай-ақ британдық диплом алу кең таралған тәжірибеге айналуы мүмкін.
Дегенмен халықаралық студенттер үшін бәсекеде барлық мемлекет бірдей табысқа жете бермейді.
Отбасылардың сенімін қалыптастыру үшін жылдар қажет. Ал оны жоғалтуға бір ғана сәтсіз қабылдау науқаны жеткілікті. Халықаралық білім нарығында құлдыраудан кейін қайта өсу кезеңі болатынын талай байқадым. Ең бастысы – сол өзгеріске кімнің дайын болатыны, – дейді сарапшы.
Осылайша, шетелде білім алудың мүмкіндіктері кеңейгенімен, дұрыс университет таңдау бұрынғыдан күрделене түсті. Енді талапкерлер оқу орнының беделімен шектелмей, білім сапасын, қаржылық шығынды, визалық талаптарды және диплом алғаннан кейінгі мүмкіндіктерді қатар бағалауы қажет.