Жаңалықтар

АҚШ елшісі: ChatGPT қазақ тілін қолдайды

АҚШ елшісі: ChatGPT қазақ тілін қолдайды
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 28.04.2023 11:12 790

Қазақ тілді контенттің аудиториясы кеңейіп, сапалы және креативті медиа-контентпен толығып келеді. Мұны ChatGPT-дің өзі мойындайды. Бұл туралы АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм елордада өтіп жатқан Qazaq форумда айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Дэниел Розенблюм елімізде өтіп жатқан алтыншы форумның ерекшелігі жасанды интеллект сияқты жаңа технологияның медиада қолданылу маңызы, соның ішінде қазақ тіліндегі контентті дамытуға қалай үлес қоса алады деген сұрақтар қамтылатынын айтты.

Ол ChatGPT-дің қазақ тілді аудитория үшін  маңызды бағыттарына тоқталды.

ChatGPT сияқты жасанды интеллекттің қолданылуымен пайда болып жатқан технологияларды алдағы уақытта да қолдана береміз. Болашақта технология қалай дамыса да ChatGPT-дің қолданыстан шықпайтыны сөзсіз. Мұндай технологияны журналистиканың кәсіби деңгейін көтеру үшін қолдану маңызды. Жаңа аудиторияларға шығу үшін,  контентті одан әрі қызықты, креативті ету үшін, контенттің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында ChatGPT-дің маңызы зор, - деді елші.

Бүгінде қазақ тілді контенттің аудиториясы күн сайын артып жатыр. Қазақ тілді контенттердің сапалы және креативті жұмыс істейтінін байқауға болатынын атап өтті.

Қазақ медиасы жаңа трендтер мен жасанды интеллектке дайын ба? Елші  бұл сұрақты ChatGPT порталынан да сұрағанын айтты.

Портал менің бұл сұрағыма былай деп жауап берді: «Телебағдарламалар, фильмдер және веб-сериалдар сияқты қазақтілді медиа өнімдер де YouTube желісінде танымал болып, қазақ мәдениетінің алуан түрлілігін жаһандық аудиторияға паш етуде. YouTube желісіндегі қазақша контенттің бірегей аспектілерінің бірі - өзіндік грамматикасы, сөздік қоры және жазуы бар түркі тілі болып табылатын қазақ тілінің қолданылуы» деп шықты, - дейді Дэниел Розенблюм.

Бұған қоса, ол YouTube желісіндегі қазақстандық контент жасаушылар көбінесе бейнелеріне өзіндік көзқарастарын, креативтілігін және сюжеттік мәнерлерін келтіріп, мазмұнға ерекшелігін қосады деп айтты.

Қазақстандық контент жасаушылар цифрлық кеңістікте қазақстандық бірегейлікті ілгерілетуге және сақтауға өз үлесін қосып, бірлесіп жұмыс істейді. Тіпті осыны айтып тұрған ChatGPT-дің өзі дәл қазір қазақ тіліндегі медиа-контентті қолдауға дайын екен деп таныдым, - дейді елші.

Сондай-ақ, ол келесі жылы форумды Шымкент немесе Түркістан қалаларында өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.  Qazaq Forum сияқты қазақ тілінде контент жасаушылардың ауқымды шарасын өткізу ол үшін мәртебе екенін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға