АҚШ басылымдары OpenAI-ді авторлық құқықты бұзды деп сотқа берді

АҚШ басылымдары OpenAI-ді авторлық құқықты бұзды деп сотқа берді
Фото: AI көмегімен жасалды

OpenAI-ге қарсы авторлық құқыққа қатысты сот дауы жаңа кезеңге өтті. АҚШ-тың бірқатар ірі басылымдары ChatGPT-ді оқыту кезінде пайдаланылған деректерге қатысты дәлелдер жасырылды деп мәлімдеп, компанияға санкция қолдануды талап етті.

Euronews мәліметінше, бірқатар беделді америкалық басылымдар, соның ішінде The New York Times, New York Daily News және өзге де медиа ұйымдар федералды соттан OpenAI компаниясына санкция қолдануды сұрады. Олар ChatGPT-ді оқыту барысында пайдаланылған авторлық құқықпен қорғалған материалдарға қатысты маңызды дәлелдер әдейі жасырылып, тіпті жойылғанын алға тартып отыр.

Бұл іс тек OpenAI үшін ғана емес, бүкіл жаңалық индустриясының болашағына әсер етуі мүмкін. Себебі соттың шешімі жасанды интеллект компанияларының журналистік материалдарды қандай жағдайда пайдалана алатынын айқындайтын маңызды құқықтық прецедентке айналуы ықтимал.

Дау неден басталды?

Басылымдардың айтуынша, OpenAI мен оның серіктесі Microsoft өздерінің жасанды интеллект жүйелерін үйрету үшін миллиондаған жаңалық материалдарын пайдаланған. Алайда бұл материалдардың басым бөлігі авторлық құқықпен қорғалған.

Талапкерлердің пікірінше, OpenAI ChatGPT-ді оқыту барысында қандай деректер қолданылғанын көрсететін мәліметтерді толық ұсынбай отыр. Әңгіме оқыту деректерінің жиынтықтары мен ChatGPT жұмыс журналдары туралы болып отыр. Медиа ұйымдары дәл осы құжаттар компанияның авторлық құқықпен қорғалған жаңалықтарды қалай пайдаланғанын дәлелдеуі мүмкін деп есептейді.

Бейсенбі күні Манхэттеннің федералды сотына жолданған өтініште OpenAI қажетті ақпаратты ұсынудың орнына сот процесіне кедергі келтіргені айтылған. Сонымен қатар талапкерлердің мәлімдеуінше, жақында OpenAI қызметкерлерінің бірі берген куәлік компанияның бұған дейінгі ресми мәлімдемелеріне қайшы келеді.

«Екі жыл бойы жаңылыстырды»

New York Daily News газетінің адвокаты Стивен Либерманның айтуынша, OpenAI екі жыл бойы авторлық құқықпен қорғалған контентті оқыту деректерінен іздеу мүмкіндігі туралы сотты жаңылыстырып келген.

Оның сөзінше, сотқа берілген қазіргі өтініштің негізгі мақсаты – OpenAI-ді ChatGPT жүйесінің «ұрланған журналистік материалдар» негізінде қалай оқытылғанын көрсететін дәлелдерді жасырғаны және жойғаны үшін жауапқа тарту.

Талапкерлер соттан дәлелдерді ашу кезеңінде жіберілген заңбұзушылықтар үшін компанияға санкция қолдануды, сондай-ақ қажетті құжаттарды алу үшін жұмсалған заңгерлік шығындарды өтеуді талап етіп отыр.

Журналистердің еңбегін пайдаланған

Даудың өзегі – жасанды интеллект чат-боттары дәстүрлі медиамен әділетсіз бәсекеге түсіп жатыр ма деген сұрақ.

Бүгінде ChatGPT секілді жүйелер көптеген пайдаланушы үшін жаңалық пен ақпараттың негізгі көзіне айналып келеді. Алайда медиа ұйымдарының пікірінше, мұндай жүйелер журналистердің еңбегін пайдалана отырып, өздері жаңалық жинамайды және ақпарат өндіруге кеткен шығындарды көтермейді.

Бұл мәселе әсіресе 2024 жылы Google іздеу жүйесіне жасанды интеллект жасаған қысқаша шолуларды енгізгеннен кейін өткірлене түсті. Соның салдарынан пайдаланушылар бастапқы ақпарат көзіне өтпей-ақ қажетті мәліметті іздеу нәтижелерінен алып, жаңалық сайттарының аудиториясы мен жарнамалық кірісі азая бастаған.

The New York Times қанша қаржы жұмсады?

The New York Times OpenAI мен Microsoft-қа қарсы алғашқы талап-арызын 2023 жылдың соңында, ChatGPT кеңінен тарай бастаған кезеңде берген болатын.

Фото: politico.com
Фото: politico.com

Кейін бұл іске Daily News баспасы, Chicago Tribune MediaNews Group, цифрлық медиахолдинг Ziff Davis және коммерциялық емес Center for Investigative Reporting ұйымы қосылды.

Газеттің реттеуші органдарға тапсырған қаржылық есептеріне сәйкес, жасанды интеллект компанияларымен байланысты сот процестеріне, оның ішінде өткен жылы Perplexity компаниясына қарсы берілген талап-арызға, 28 миллион доллардан астам қаражат жұмсалған.

OpenAI не дейді?

OpenAI және басқа технологиялық компаниялар өз ұстанымын АҚШ-тағы «адал пайдалану» (fair use) қағидатымен түсіндіреді.

Компаниялардың айтуынша, кітаптар, интернеттегі мақалалар және басқа да цифрлық материалдар негізінде жасанды интеллект модельдерін оқыту заңды болып саналады және авторлық құқықты бұзбайды.

Қазір дәл осы құқықтық ұстанымға қатысты ондаған сот процесі жүріп жатыр. Олардың қатарында жазушылар, суретшілер, музыкалық лейблдер және басқа да шығармашылық индустрия өкілдері бар. Әзірге бұл істер бойынша бірізді сот тәжірибесі қалыптаспаған.

Лицензиялық келісімдер көбейіп келеді

Бір қызығы, сот даулары жалғасып жатқанымен, көптеген медиа ұйымдары OpenAI және басқа технологиялық компаниялармен ынтымақтастық орната бастады.

Қазір OpenAI, Google және Meta сияқты компаниялар бірқатар редакцияларға олардың жаңалықтар лентасы мен мұрағаттарын жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін пайдалануға лицензиялық төлем төлейді.

Ал OpenAI-дің басты бәсекелестерінің бірі – Anthropic – авторлық құқыққа қатысты ең ірі келісімдердің біріне қол жеткізіп, Claude чат-ботын авторлардың кітаптары негізінде оқытқаны үшін 1,5 миллиард доллар көлемінде өтемақы төлеуге келіскен.

OpenAI-ге қатысты іс әлі аяқталған жоқ. Егер сот медиа ұйымдарының талабын қанағаттандырса, бұл шешім жасанды интеллект компанияларының авторлық құқықпен қорғалған материалдарды пайдалану тәртібіне елеулі ықпал етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз