Жаңалықтар

Ақмола облысында 71 мыңнан астам тұрғынға тұмауға қарсы екпе салынды

Бұл туралы Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді
Ақмола облысында 71 мыңнан астам тұрғынға тұмауға қарсы екпе салынды
Фото: pixabay.com 17.11.2022 18:31 764

Ақмола облысында тұрғындарға тұмауға қарсы екпе салу науқаны жалғасып жатыр. Қазіргі кезде 71 мыңнан астам ақмолалыққа вакцина егілді, деп хабарлайды El.kz.

Тұмаудың алдын алудың ең ұтымды жолы – вакцинация. Халық арасында тұмаудың жаппай таралуын болдырмау және организмде «иммундық қабат» құрылуы үшін жалпы халықтың кемінде 10 пайыз екпе алуы қажет. Вакцина тұмауға қарсы иммунитеттің жоғары деңгейін қалыптастырады.

«Қазірдің өзінде 71 361 мың ақмолалық тұмауға және маусымдық ауруларға қарсы екпе алды, оның 8 265-і – 2-10 жас аралығындағы балалар. Сонымен бірге, жабық үлгідегі мекемелерде (балалар үйі, мектеп интернаттары, балаларға/мүгедектерге арналған интернаттар) – 416 адам, 284 – жүкті әйел егілді, ал қарттар мен мүгедектер үйлерінің контингенті – 1 040, созылмалы аурулары бар ересектер – 21 342. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері, әдетте 8-12 күннен кейін пайда болып, 12 айға дейін сақталады. Адамның жас ерекшелігіне қарай вакцинациядан кейін тұмау вирусына қарсы антиденелердің қорғаныс титрлерінің деңгейі 75-95 пайыз болуы тиіс.

«Облыста есепте тұрған 73 138 адамның барлығы да екпе алуы тиіс. Бұл – созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері және жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер, жабық мекемелердегі адамдар», - деп толықтырды басқарманың баспасөз қызметінен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға