Жаңалықтар

Ақмола облысында 40-қа жуық елді мекен жарықсыз отыр

Ақмола облысында 40-қа жуық елді мекен жарықсыз отыр
Фото: © Pixabay.com 07.01.2024 01:28 560

Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Нақтырақ айтсақ, 40-қа жуық елді мекенде электр энергиясы тапшы. Тіпті кей ауылдың тұрғындары Жаңа жылда жарықсыз қалдық деп налиды. Ал, осы елді мекендегі электр энергиясына жекемекеншік кәсіпорын иелік етеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Айдарлы ауылындағы жарық күнара сөнеді. Амалы таусылған жергілікті тұрғындар соңғы уақытта элект сымдарындағы ақауды тауып, өздері жөндеуге көшкен. Өйткені аудандық әкімдік пен жеке компания иелері кері байланысқа шықпайтын көрінеді. Тек осы соңғы айдың өзінде электр қуаты 5-6 рет сөнген. 

Көршілес Қошқарбай ауылында да осындай жағдай. Қыста боран, жазда дауыл соқса, тіпті күн күркіреп, жауын жауса да, жарық сөніп қалады. 

Жалпы Зеренді ауданы бойынша 40-қа жуық ауыл жарыққа зәру. Ал елді мекендегі электр энергиясына жиырма жылдан бері жекеменшік бір компания жауапты. Қазір ауылдардағы желілердің 90 пайызы ескірген. Бұл мәселеден жергілікті шенеуніктер де хабардар. Бірақ жекенің қолында болғасын шара қолдануға дәрменсіз. Қазір қос тарап соттасып жатыр.

Қазіргі уақытта біз осы мәселе бойынша сотқа жүгініп жатырмыз. Әзірге жеке кәсіпорынға қатысты нақты шара қолданылмайды. Тек сот процесі аяқталғасын белгілі болады. Қазір ауылдардағы ақауларды жөндеуге қосымша тағы үш кәсіпорынмен келісім жасалды. Бұдан бөлек сот арқылы біз келтірілген шығын көлемін есептеп, кәсіпорын тарапынан өндіріп алуды көздеп отырмыз, - деді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Есімхан Байғабылов.

Айта кетсек, Зеренді ауданындағы электр желілерінің біразы өткен ғасырдың 90-жылдары жекешеленіп кеткен. Міне, содан бері компания оларды жөндемеген. Ал желіде апат болса, аудан техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялап қана амалдайды. Жалпы облыс бойынша электр желілерінің ұзындығы 30 мың шақырымға жуықтайды. Оның 70 пайызы ескіріп кеткен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға