2013 жылы Ақмола облысының Есіл ауданындағы Калачи ауылы бүкіл Қазақстанға, тіпті шетелге танылды. Бұған ауыл тұрғындары арасында тараған белгісіз «ұйқы дерті» себеп болды. Адамдар күндіз аяқ астынан ұйықтап қалып, бірнеше сағат емес, бірнеше тәулік бойы оянбай жатты. Кейбір тұрғын мұндай жағдайды бірнеше рет бастан өткерді.
Осы кезде Калачиге дәрігерлер, ғалымдар мен журналистер ағылды. Бірі аурудың себебін іздесе, енді бірі сенсация жасауға тырысты. Арада жылдар өткенде «ұйқы дерті» өздігінен тоқтады. Бірақ оның салдары ауылдың тағдырына әсер етті. Тұрғындардың бір бөлігі басқа елді мекендерге көшірілді, үйлер бос қалды, ал Калачи біртіндеп қаңыраған ауылға айналды.
Бүгінде бұл елді мекенде «ұйқы ауруы» жоқ. Алайда «2013 жылы Калачи тұрғындары неге жаппай ұйықтап қалды?» деген сұрақ әлі де өзекті.
Калачи қандай ауыл еді?
Калачи – Ақмола облысының Есіл ауданында орналасқан шағын ауыл. Ол Красногорск кенттік әкімшілігінің құрамына кіреді. Ауылдың маңынан Есіл өзені ағып өтеді.
Калачи мен оған жақын орналасқан Красногорскінің тарихы Кеңес дәуіріндегі тың игеру кезеңімен тығыз байланысты. 1960-жылдары мұнда мыңдаған адам келіп, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты. Кейін жақын маңнан уран кені табылып, шахталарда кен өндіру басталды.
КСРО ыдырағаннан кейін уран шахталары жабылып, кәсіпорындар тоқтады. Жұмыс орындары азайып, халық басқа жаққа қоныс аудара бастады.
Осылайша «ұйқы дерті» басталғанға дейін-ақ Калачи тұрғындарының саны біртіндеп азайып келе жатқан ауылдардың бірі еді.
2009 жылғы халық санағында ауылда 647 адам тұрған. 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 276 адамға дейін төмендеді. Яғни 12 жыл ішінде халық саны 42,7 пайызға азайған.
«Ұйқы ауруы» жайлы
Калачидегі алғашқы түсініксіз жағдайлар 2012 жылдың соңы мен 2013 жылдың басында байқала бастаған. Ал 2013 жылдың наурызында ауру жаппай сипат алды.
Тұрғындар күндіз аяқ астынан ұйықтап қалатын. Алғашқыда мұны шаршау деп қабылдағандар болды. Бірақ адам бірнеше сағат емес, бірнеше күн бойы оянбай жатқанда, дәрігерлер алаңдай бастады.
Әртүрлі деректе ауруға шалдыққандар саны 40-60 адамнан 130 адамнан асқанға дейін көрсетіледі. Мұндағы айырмашылық есептеу кезеңі мен дереккөздерге байланысты. Кейбір тұрғындар ауруға бірнеше рет шалдыққан.
Науқастардың көпшілігі ұқсас белгілерді сипаттаған. Алдымен қатты ұйқышылдық пен әлсіздік пайда болған. Кейбірінің көзі қосарланып, кейін есінен танып, терең ұйқыға кеткен.
Олардың ұйқысы бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейін созылған. Көп жағдайда 6-7 күнге дейін ұйықтағандар болған. Кейбір тұрғындар тіпті екі аптаға дейін ұйықтағаны туралы деректер кездеседі.
Оянғаннан кейін адамдар болған жағдайды есіне түсіре алмай, басының тұмандануына, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне және галлюцинацияға шағымданған.
Балаларда сананың шатасуы мен қозу байқалған. Кей жағдайда олар өздеріне зиян келтірмеуі үшін дәрігерлердің бақылауында болған.
Ең қызығы – мұндай жағдай тек Калачи тұрғындарында емес, ауылға қонақ болып келген адамдарда да болған.
Дәрігерлер қандай диагноз қойды?
Алғашында мамандар түрлі болжамдарды қарастырды. Алкогольден немесе есірткіден улану, инфекциялық аурулар, вирустар, тіпті жаппай психологиялық бұзылыс болуы мүмкін деген нұсқалар тексерілді. Бірақ бұл болжамдардың ешқайсысы нақты дәлелденбеді.
Науқастарға «этиологиясы белгісіз энцефалопатия» деген алдын ала диагноз қойылды. Энцефалопатия – ми қызметінің бұзылуын білдіретін медициналық ұғым. Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін: дәрумен тапшылығы, улану, қан айналымының бұзылуы және басқа да факторлар.
Кейбір науқастарға ми қан тамырларының жұмысын ынталандыратын дәрілер берілгеннен кейін олар оянған.
Сонымен қатар тұрғындардың денсаулығына кешенді зерттеу жүргізілді. Қан, зәр, шаш, тырнақ сияқты биоматериалдар тексерілді. Ауылдың ауасы, суы, топырағы, үйлері мен жертөлелері де зерттелді.
Радиация мен радон
Калачидегі жұмбақ жағдайдың себебін іздегенде мамандардың назары алдымен бұрынғы уран шахталарына ауды.
Ауыл маңында уран өндірілгендіктен, тұрғындар «ұйқы ауруын» шахталардан тараған радиация мен радоннан көрді.
Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының мамандары Калачи мен Красногорскийде бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізді. Радиациялық жағдай да арнайы тексерілді.
Зерттеу барысында ауылдағы гамма-фонның қалыпты деңгейде болғаны анықталды. Көрсеткіш шамамен 0,10-0,12 мкЗв/сағ аралығында тіркелген.
Ауыл аумағында радон ағынының жоғары тығыздығы анықталғанымен, мамандар оның «ұйқы ауруына» себеп болғанын растаған жоқ.
Зерттеу нәтижелері Ресей мен Чехиядағы мамандарға да жіберілген. Олар да радиациялық фактордың адамның осындай ұзақ уақытқа ұйықтап қалуына себеп болуы мүмкін емес деген қорытынды жасаған. Яғни Калачи тарихындағы ең көп тараған болжамдардың бірі – радиация мен радон нұсқасы ғылыми тұрғыдан «ұйқы ауруының» нақты себебі ретінде дәлелденбеді.
Көміртек тотығының әсері ме?
Кейін зерттеушілер ауылдың геологиялық ерекшелігіне және ауа құрамына назар аударды. Калачи ойпатта орналасқан. Үйлердің басым бөлігі пешпен жылытылған. Сонымен қатар ауыл бұрынғы уран кеніштері орналасқан аумақта тұр.
Зерттеулер барысында атмосфералық ауа құрамында көмірсутектердің жоғары мөлшері анықталған. Көміртек тотығының да әсері қарастырылды.
Ғалымдардың бір нұсқасы бойынша, ауадағы оттегінің төмендеуі мен көміртек тотығы және басқа газдардың көбеюі бірнеше фактордың қатар әсер етуіне алып келуі мүмкін. Яғни мәселе бір ғана газда емес, бірнеше фактордың бір уақытта тоғысуында болуы ықтимал деген болжам жасалды.
Алайда бұл нұсқа да толық дәлелденген жоқ. Себебі газ концентрациясы жоғарылаған кезеңдердің барлығында «ұйқы ауруы» қайталана бермеген. Бұған қоса, тұрғындардың қанынан көміртек тотығынан уланғанын көрсететін нақты белгілер анықталмаған.
Калачидегі жағдайға байланысты экологиялық факторлардан бөлек, ауыл шаруашылығында қолданылатын химикаттардан улану нұсқасы да айтылды.
Ауыл тұрғындары егістікте түрлі инсектицидтер қолданылғанын айтқан. Солардың бірі – зиянкестермен күресуге арналған дуст.
Алайда бұл болжам да ғылыми тұрғыдан нақты дәлелденген жоқ.
Калачи туралы түрлі кезеңде басқа да нұсқалар айтылды. Біреулер генетикалық факторды алға тартса, енді бірі кеңестік кезеңдегі құпия зерттеулердің салдары болуы мүмкін деді. Тіпті ауылды аномальды аймақ деп санайтындар да болды. Бірақ олардың ешқайсысы дәлелденген ғылыми нұсқаға айналған жоқ.
Аурудан қорыққандар көшіп кетті
2014 жылдың соңы мен 2015 жылдың басында жағдай қайта күрделене түсті. 2015 жылдың қаңтарында ондаған адам күндіз аяқ астынан ұйықтап қалған.
Осыдан кейін билік тұрғындарды басқа елді мекендерге көшіру туралы шешім қабылдады.
Калачи тұрғындарына Есіл және Державинск қалаларынан баспана ұсынылды. Кейбір отбасылар өзге өңірлердегі туыстарына көшті. Алайда барлығы бірдей ауылдан кетуге келіскен жоқ. Әсіресе ондаған жыл бойы осы жерде тұрған тұрғындар туған жерін тастап кеткісі келмеді.
Билік көшуге келісім берген отбасыларды орналастыру үшін тұрғын үйлерді жөндеп, пәтерлер ұсынды. Балалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен бірге көшіп барған тұрғындарды жұмысқа орналастыруға, балаларын мектеп пен балабақшаға орналастыруға көмек көрсетілді.
Қоныс аудару бағдарламасына миллиардтаған теңге жұмсалды. Кейінгі деректерде бұл мақсатқа кеткен шығын шамамен 2,5 млрд теңгені құрағаны айтылады. Ал 2016 жылдың қаңтарынан бастап Калачиде жаңа «ұйқы ауруы» жағдайлары тіркелмеді. Аурудың басталуы сияқты, оның тоқтауы да бірден болды.
Калачидегі қазіргі өмір
«Ұйқы ауруы» тоқтағанымен, ауыл бұрынғы қалпына қайта келген жоқ. Көптеген отбасы көшіп кеткеннен кейін үйлер бос қалды. Аулаларды шөп басып, кейбір ғимараттар қирай бастады. Дүкендер жабылды, мектептегі оқушылар саны азайды.
2025 жылғы деректер бойынша, ауылда 101 отбасы немесе 201 адам қалған. Калачиге барған журналистердің жазуынша, ауылдың бүгінгі көрінісі қаңыраған елді мекенді еске түсіреді: қараусыз қалған үйлер, бос аулалар, ескірген ғимараттар.
Бірақ ауылда әлі де өмір бар. Кейбір тұрғындар үй шаруашылығын жүргізіп, туған жерінде қалуды жөн көрген.
Калачидің жұмбағы шешілген жоқ
Калачидегі «ұйқы ауруының» нақты бір ғана себебі ғылыми тұрғыдан дәлелденген жоқ.
Радон зерттелді. Радиациялық фон тексерілді. Ауа, су мен топырақтан сынама алынды. Көміртек тотығы мен көмірсутектер зерттелді. Тұрғындардың денсаулығы тексерілді. Бірақ осы факторлардың ешқайсысы аурудың нақты себебі ретінде толық мойындалмады.
Ғалымдар бірнеше фактордың қатар әсер етуі мүмкін екенін айтқанымен, бұл да түпкілікті жауап емес.
Бір қызығы, ауру өздігінен тоқтады. 2016 жылдан кейін жаңа жағдайлар тіркелмеді. Дегенмен ауылдың бұрынғы өмірі қайта оралмайтыны анық.