AnTuTu бенчмаркін әзірлеушілер Android жүйесінде жұмыс істейтін флагман смартфондардың қазан айындағы рейтингін жариялады.
Тізімнің көш басына Honor Win 2 шықты. Жедел жады 16 ГБ, ішкі жады 512 ГБ болатын нұсқасы тестілеу кезінде орта есеппен 4 958 339 балл жинаған.
Бірінші орын мен екінші орынның арасында айырмашылық үлкен емес. RedMagic 12 Pro+ смартфоны 4 956 846 балл жинап, көшбасшыдан небәрі 1 493 баллға қалып қойды. Ал 4 865 546 балл алған iQOO 16 үздік үштікті түйіндеді. Бұл екі модель де 16 ГБ жедел жадымен және 1 ТБ ішкі жадымен жабдықталған.
Үздік үштікке енген смартфондардың барлығына ортақ бір ерекшелік бар: олар Snapdragon 8 Elite Extreme Gen 6 процессорымен жұмыс істейді.
Бір ай бұрын рейтингтің бірінші сатысында тұрған Xiaomi 18 Fold бұл жолы төртінші орынға сырғыды. Xiaomi компаниясының өз өндірісіндегі XRING O3 чипімен жабдықталған жиналмалы смартфон 4 737 201 балл жинаған.
Бесінші орын OnePlus 16-ға, алтыншы орын Honor Magic9 Pro Max моделіне бұйырды. Осылайша, алғашқы алты смартфонның бесеуі Snapdragon 8 Elite Extreme Gen 6 процессорын пайдаланады.
Жетінші орынға 4 354 880 балл жинаған vivo X500 Pro Max жайғасса, сегізінші сатыға 4 335 762 балл алған OPPO Find X10 Pro Max орналасты. Екі смартфон да Dimensity 9600 Pro чипімен жабдықталған.
Үздік ондықты Snapdragon 8 Elite Gen 5 процессорымен жұмыс істейтін Honor Win RT 2 және iQOO 15 Ultra түйіндеді. Олар тиісінше 4 286 132 және 4 274 239 балл жинаған.
AnTuTu мамандары рейтинг көшбасшыларының артықшылықтарын талдай отырып, салқындату жүйесіне де назар аударды. Honor Win 2 моделінде ауа өткізетін арнаның бірі процессордың дәл жанынан өтсе, екіншісі жылуды тарататын пластинамен байланысқан. Ал RedMagic 12 Pro+ смартфонында салқындату жүйесінің сұйықтық арналары кеңейтіліп, бұрынғы бір контурдың орнына екі контур қолданылған.
Рейтинг Қытайда 1-31 қазан аралығында жүргізілген сынақтар нәтижесіне негізделген. AnTuTu смартфондардың жеке сынақтағы ең жоғары көрсеткішін емес, орташа балын жариялайтынын ескертеді. Нәтижеге құрылғының температурасы, техникалық жағдайы және операциялық жүйе нұсқасы әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ бенчмарктың V11 және V12 нұсқаларында алынған ұпайларды бір-бірімен тікелей салыстыруға болмайды.