Жаңалықтар

Антикор дәрі-дәрмектің бағасы мен сапасына қатысты тексеріс жүргізеді

Антикор дәрі-дәрмектің бағасы мен сапасына қатысты тексеріс жүргізеді
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 20.03.2024 14:31 364

Жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сараптау, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру салаларында жүргізуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК (оның ішінде Алматы қаласындағы филиалында, Қарағанды және Тараз қалаларындағы бөлімшелерде) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастады.

Бағаларды мемлекеттік реттеу, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тіркеу, олардың сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне стандарттар талаптарына сараптама жүргізу және тағы басқа мәселелер талданатын болады.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта Агенттіктің аумақтық департаменттері Өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының (оның ішінде олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының) қызметіне сыртқы талдау жүргізеді.

Талдау шеңберінде бюджетті жоспарлау, жеке көмекшілердің қызметтерін қаржыландыру, атаулы әлеуметтік көмек төлеу, кәсіптік оқытуға ақша жұмсау, кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттарды бөлу, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорын игеру мәселелері зерделенетін болады.

Агенттіктің аумақтық департаменттерінің қызметкерлерінен басқа талдауға мүдделі мемлекеттік органдардың сарапшылары мен азаматтық қоғам өкілдері тартылады.

Егер Сізде жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе аталған салаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарыңыз болса, оларды төмендегі электрондық мекенжайларға жіберулеріңізді сұраймыз: - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау мәселелері бойынша: amantayev.a@antikor.gov.kz , әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша: mukashev.a@antikor.gov.kz, - делінген ақпаратта.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға