Жаңалықтар

Антарктиданы бағындырған жігіт

Винсонға Қазақстанның туын тіккен қазақты білесіз бе? 
Антарктиданы бағындырған жігіт
23.11.2017 17:30 8112

Адам баласы өзін сынап көру үшін, қиындықтарға қарсы тұрып, кедергілерді жеңе білуі қажет. Сынақтардан қорықпайтын, тіршіліктің тылсым сырларын тануға тырысатын жандарға өмір де сан түрлі мүмкіндіктерін ұсынады. Өзін-өзі жеңуді мақсат еткен сондай жандардың бірі – Дәулет Шәріпов. Оңтүстік Полюске саяхат жасаған тұңғыш қазақстандық шаңғы экспедициясының қатысушысы болған Дәулет, өткен жылдың желтоқсан айында бір топ саяхатшылармен бірге Антарктиданың ең биік шыңы – Винсонға еліміздің туын тігеді. Мұндай тарихи сәт саяхатшы жігіттің есінде мәңгі сақталары анық. Осы орайда, Дәулеттен  жер шарының ең суық полюсіне жасаған сапары жайлы баяндап беруін өтінген едік.

«Бұл сапарға шықпас бұрын өзімді психологиялық тұрғыдан дайындадым»

Оңтүстік Полюске сапарға шыққанға дейін өзім экспедицияларға қатысып көрмеппін. Үш күннен аса жол жүріп, ашық аспан астында түнеп көрген емеспін. Сондықтан да бұл сапарға шықпас бұрын өзімді психологиялық тұрғыдан дайындадым. Антарктида жайлы көптеген сюжеттер көрдім, мәліметтер оқыдым. Сапарға шығар алдында, дәл ұшаққа отыратын сәтте «Басымды қандай қиындыққа тігіп отырмын?!» деген ой келді. Жауапкершілігі мол әрбір іске бел буарда мұндай сезімнің болатыны рас. Алдыңда не күтіп тұрғанын білмегендіктен, сәл қобалжиды екенсің. Сондайда өзіңді: «істі бастадың ба, аяғына дейін жеткіз, ал қорықсаң, мүлдем бастамай-ақ қой!» деп қайрап алуың керек.

Қазақ географиялық қоғамы біздің Қазақ ұлттық медицина университетіне,  Антарктидада ғылыми зерттеулер жүргізгісі келетін жас ғалымдарды іздестіретіні жайлы хабарлап, ашық хат жолдады. Мен өтінішімді ең соңғылардың бірі болып өткізген едім. Кеңесуден кейінгі келесі күні олар телефон шалып, алғашқы кезеңнен өткенімді, бірақ дене дайындығымды тексеру үшін таудағы Көк жайлауға жорыққа шығатынымызды ескертті. Сол кезде тауда жапалақтап қар жауып жатқан. Сөйтіп, алдағы қиындықтарға төтеп беру мүмкіндігімді тексеруге болатын жағдайды, табиғат-анамыз өзі қалыптастырды. Денені шынықтыру, спортпен айналысу өмірімнің бір бөлшегі болғандықтан, бұл сыннан өту маған аса қиындық тудырмады.

«220 шақырымнан астам жерді шаңғымен жүріп өттік»

Бұл экспедицияға қызығушылық танытуымның себебі көп. Әрине, біріншіден зерттеу жүргізгім келді. Екіншіден, мен жедел жәрдем қызметінде істеймін, алғашқы көмек көрсету дағдыларым шыңдалған. Бұл да өзге бәсекелестер алдында менің айтарлықтай артықшылығымды көрсетті. Экспедиция құрамы анықталғаннан кейін, бір-бірімізбен жақын танысып, алдағы сапарымыздың жайын талқыладық. Топ  құрамына менімен бірге саяхатшы Мағжан Сағымбаев және альпинистер Юрий Юшин мен Ілияс Ғалымбеков, сондай-ақ жас ғалымдар Әлия Ерназарова мен Арман Баймұханбетов кірді. Экспедицияға кіріспес бұрын, біз ең алдымен, Антарктиканың ең биік нүктесі – Винсон шыңына шығуды жоспарлап алдық. Жалпы, сапар барысында ең биік материктің көптеген ерекшеліктеріне таң қалумен болдық. Ең әуелі, Оңтүстік Полюсте жыл маусымдары керісінше болады екен. Яғни, өзге аймақ қаһарлы қысты өткеріп жүрген кезде, Оңтүстік полюсте жаз мезгілі болады. Сондай-ақ, бұл жақта жазғы уақытта күн ешқашан ұясына батпайды. Таңертең көкжиектен көтерілген күн сағат 12-де дәл төбеңде тұрса, ұйқыға жатар кезде көкжиекке сәл ғана жақындағанын байқайсың. Шетсіз-шексіз далада ешқандай тіршілік белгісі жоқ, не ағаш, не өзен, не бір жапырақ, не бір шөп кездеспейді, тұтасымен аппақ меңіреу дала. Осы «меңіреу» дегенім дұрыс шығар, себебі бір де бір тірі жан жоқ. Мүлгіген тыныштық. Желдің дыбысын, одан қалса табаныңнан өтіп, маңдайыңа жететін суықты ғана сезесің. Осылайша біз, 11 күн бойы жол жүріп, 220 шақырымнан астам жерді шаңғымен жүріп өттік. Күніне 8 сағаттан жүріп отырдық. Біз мынадай тәртіппен жүруге тырыстық: 55 минут бойы жүреміз, 5 минуттық аялдама жасаймыз, осылайша үш сағат жүреміз де, кішкене тамақтанып алу үшін 20 минуттық аялдама жасаймыз.

«Шайым таусылғанда, жерден қар алып жедім»

Экспедиция барысында ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған болатын. Біз жүрегіміздің қағысын, қан қысымымызды, тыныс алу жиілігін өлшеп отырдық. Арнайы сауалнама бойынша өзіміздің психоэмоционалдық күйімізді тексердік. Яғни, Антарктидаға жасаған жорықтың экспедиция мүшелерінің психоэмоционалдық күйі мен функционалдық ахуалына қалай әсер ететінін, адамның психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да қалай бейімделетінін бақылап көру қажет болды. Мен үшін жорықтағы ең қиыны да осы еді. Өзің де қалжырап тұрсың, өзгелер де ұйқысырап отыр, ал сен болсаң «кел қан қысымыңды өлшейін, кел жүрек қағысыңды тексерейін, мына сауалнамаға жауап бер» деп олардың мазаларын аласың, өздері де шаршап отырған сапарластарыңды одан әрі мезі қыласың. Біз жүргізген зерттеулеріміздің нәтижелері бойынша мақала жариялап, бейімделудің қиын кезеңі 4-ші күн екенін ғылыми түрде дәлелдедік.

Экспедицияның соңғы күні ең ұзаққа созылған, ең ауыр күн болды. Оңтүстік полюске жақындаған кезде станцияны алыстан көріп тұрдық. Жап-жақын болып көрінгенімен, шын мәнінде өте алыс болып шықты. Тіпті, жақындаған сайын мұнарланып, алыстап кететін сияқты көрінді. Менің термосымдағы шай да таусылды, жерден қар алып жей бердім. Таңдайым кеуіп, шөл қысқаны соншалық, «ең бастысы, сұйық бір нәрсе ішсем болды» дедім. Сол себепті, Антарктиданың қарының дәмі қандай екенін сезініп, ойлануға да уақыт болған жоқ. Жалпы, өмір деген қызыққа толы оқиғаларымен, естен кетпес сәттерімен мәнді ғой. Осы Антарктидадағы бастан кешкен оқиғамызды, өмірдің ең айшықты беттері ретінде жадымда сақтайтын боламын. 

                       «Ағысқа қарсы жүзгенді ұнатамын...»

Шынымды айтсам, кішкентай күнімнен тосқауылдарды бұзып өткенді,  былайша айтқанда, ағысқа қарсы жүзгенді ұнататынмын. Сол тосқауылдар болмаған күнде, оларды өзім қолдан жасап алар ма едім?! Мен әрдайым өзіме  мүмкіндіктерімді дәлелдегім келетін. Жасанды, жоқ жерден ойлап табылған қиындықтармен күресу арқылы емес, адал еңбекпен, күнделікті оқумен, маңдай термен жеңіске жету арқылы нәтиже көргім келді. Жалпы, өзім аяқ астынан шешім қабылдайтын адам емеспін, егер қандай да бір бағытта жүріп бара жатсам, мен бұл жолмен қай жерге дейін жеткім келетінін алдын ала білемін. Сондықтан, болашақ мамандығымды таңдауға байланысты ешқандай кездейсоқтық болған жоқ. Яғни, медицина бағытын жылдар бойы ойлана келе таңдадым. Халықаралық олимпиадалардан жүлделі орын алып, бірыңғай ұлттық тестілеуден өтпей-ақ, өзім қалап алған оқу орнымның студенті атандым. Бірінші курста бар ынтамды салып оқығаным соншалық, бүгінде сол кезде осының бәрін қалай еңсергенмін деп таң қаламын.

Қазір мен интерн-хирургпін. Интернатурадағы оқудың бакалавриаттан түбегейлі айырмашылықтары бар. Өз бетіңше әрекет ету мүмкіндіктерің көбірек, тәжірибең молаяды. Бұған дейінгі уақытта іс жүзінде жай ғана  бақылаушы болсаңыз, ендігі интернатура кезеңінде әрекет етушіге айнала бастайсыз. Жалпы, өз кәсібімді адаспай таптым деп ойлаймын. Себебі,   жасайтын іс-әрекетің өзіңе ұнайтын болса, онда одан ләззат аласың. Ең маңыздысы да сол, жұмысың-міндетің емес, жаныңа рахат сыйлайтын орын болуы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға