Әншілер жұмыссыз қалады: жасанды интеллект музыка әлемін қалай өзгертеді?

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Spotify жасанды интеллект көмегімен каверлер мен ремикстер жасауға мүмкіндік беретін жаңа қызметті іске қоспақ. Компания мұны музыканттар үшін қосымша табыс көзі деп бағаласа, сарапшылар тірі орындаушылардың табысы мен авторлық құқыққа төнетін қауіп туралы дабыл қағып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Spotify-дың жаңа мүмкіндігі

Бұл туралы Euronews мәлімдеді. Жуырда Spotify премиум жазылым пайдаланушыларына жасанды интеллект арқылы өздерінің кавер-нұсқалары мен ремикстерін жасауға мүмкіндік беретін жаңа функцияны таныстырды. Бұл мүмкіндік басқа әртістердің шығармалары негізінде жұмыс істейді және тек жобаға қатысуға келісім берген музыканттардың туындыларына қолданылады.

Жаңа ақылы қызмет Universal Music Group компаниясымен жасалған келісім аясында іске қосылады. Spotify өкілдерінің айтуынша, бұл құрал ән авторлары мен орындаушыларға дәстүрлі роялтиден бөлек қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Алайда лицензиялық бағдарламаға нақты қай әртістердің қосылатыны әзірге жарияланған жоқ. Universal Music Group құрамында Ариана Гранде, Тейлор Свифт және Билли Айлиш сияқты әлемдік жұлдыздар бар.

Компания бұл бастаманы қалай түсіндіреді?

Spotify-дың тең құрылтайшысы әрі тең төрағасы Алекс Норстрём бұл бастаманы қорғап, компанияның мақсаты сапалы әрі лицензияланған ЖИ-музыканы бақылаусыз таралатын «ЖИ-қоқыстан» ажырату екенін айтты.

Оның сөзінше, жаңа жүйе авторлардың келісіміне, шығарманың түпнұсқа иесін міндетті түрде көрсетуге және жобаға қатысатын әншілер мен ән авторларын әділ марапаттауға негізделген.

Сонымен бірге Spotify пен Universal Music Group басшысы Лучиан Грейндж технологиялық өзгерістер жағдайында музыкалық экожүйені тыңдармандар үшін қызықтырақ, ал әртістер мен ән авторлары үшін табыстырақ етуге тырысып жатқанын мәлімдеді.

Фото: ЖИ

Сарапшыларды не алаңдатады?

Алайда жаңа қызметтің нақты қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Мысалы, жасанды интеллект жасаған ремикстер тек жеке пайдалануға арналатыны ма, әлде оларды басқа адамдармен бөлісуге бола ма деген сұрақтарға әзірге нақты жауап жоқ.

Музыка индустриясындағы көптеген мамандар дәл осы мәселеге алаңдайды. Музыканттардың авторлық құқықтарын қорғаушы композитор Эд Ньютон-Рекс егер ЖИ көмегімен жасалған музыка бәрібір болатын болса, оның авторлардың келісімімен жасалғаны дұрыс екенін айтады. Бірақ ол пайдаланушылар жасаған ремикстерді басқа адамдарға таратуға мүмкіндік берілсе, бұл қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін деп есептейді.

Яғни ЖИ жасаған ремикстер Spotify платформасын толтырып, басқа әндердің көрінуін азайтуы ықтимал. Нәтижесінде нарықта қалу үшін көбірек музыкант осындай технологияларды пайдалануға мәжбүр болады.

Тыңдармандардың көзқарасы

Бұл алаңдаушылықтар тыңдармандардың едәуір бөлігі үшін әнді адамның жазғаны ма, әлде жасанды интеллект жасағаны ма маңызды болмай бара жатқан тұста күшейіп отыр. Көпшілік үшін бастысы – музыканың ұнауы. Былтыр ЖИ көмегімен жасалған бірнеше әннің музыкалық чарттардың көшін бастауы мұндай контентке сұраныстың артып келе жатқанын көрсетті.

Авторлық құқыққа қатысты дау

Жасанды интеллект төңірегіндегі дау тек музыкамен шектелмейді. OpenAI мен Meta сияқты технологиялық алпауыттар өздерінің ЖИ модельдерін оқыту кезінде кітаптарды, газет материалдарын және авторлық құқықпен қорғалған басқа да контентті құқық иелерінің рұқсатынсыз пайдаланған деген айыптауларға байланысты бірнеше сот дауына тап болды.

Музыка индустриясында тағы бір өзекті мәселе – роялтидің азаю қаупі. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ арқылы жасалған әндердің көбеюі музыкалық табыстың одан әрі бөлшектенуіне алып келуі мүмкін. Бұл тірі орындаушылар мен ән авторларының кірісіне кері әсер етуі ықтимал.

Сонымен қатар жасанды интеллекттің әншілердің дауысын, орындау мәнерін немесе шығармашылық стилін олардың келісімінсіз қайталауы да көптеген сұрақ туғызуда. Кейбір музыканттар мұны шығармашылық еңбекті заңсыз көшірудің жаңа түрі деп бағалайды.

Spotify қандай қорғаныс шараларын қолданады?

Қазіргі уақытта Spotify платформасында нақты орындаушыларды ЖИ-контенттен және спамнан ажырату үшін Verified by Spotify белгісін және арнайы тану технологияларын пайдаланады. Компания бұл құралдар пайдаланушыларға контенттің шығу тегін түсінуге көмектеседі деп санайды.

Қазақстандағы ЖИ орындаған хит

Еске сала кетейік, Қазақстанда жасанды интеллект орындаған «Махаббатым» әнінің кең таралуы музыка индустриясындағы жаңа құбылысты айқын көрсетті. Әлеуметтік желілер мен видеоплатформаларда танымал болған бұл әннің түрлі AI cover және ремикс нұсқалары мыңдаған тыңдарман жинап, ЖИ көмегімен жасалған музыканың аудиторияға тез жететінін дәлелдеді. Тіпті тыңдармандар бұл әнді адам орындады деп ойлаған.

Бұл жағдай Spotify-дың жасанды интеллект арқылы каверлер мен ремикстер жасауға мүмкіндік беретін жаңа қызметі төңірегіндегі пікірталастарды одан әрі күшейтті. Сарапшылардың айтуынша, тыңдарман үшін әннің адам орындағаны ма, әлде алгоритм жасағаны ма барған сайын маңызды болмай барады. Ең бастысы – музыканың ұнауы.

Оқи отырыңыз