Әлем чемпионатының шешуші кезеңіне шыққан Норвегия құрамасы күтпеген мәселеге тап болды. Командадағы бірнеше футболшы сырқаттанып, олардың кейбірі маңызды матчтарды өткізіп жіберуге мәжбүр болды.
Шабуылшы Йорген Странн Ларсен жоғары температураның салдарынан турнирдегі алғашқы кездесуіне қатыса алмады. Ал қорғаушы Маркус Педерсен дәл осындай себеппен Бразилияға қарсы 1/8 финалдағы ойынды сырттан бақылауға мәжбүр болды. Соған қарамастан норвегиялықтар 2:1 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
Бас бапкердің пікірі
Команданың бас бапкері Столе Сольбаккен ойыншылар арасында қызу көтерілу, жөтел және тамақ ауруы сияқты белгілер байқалғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдай қысқа уақыт ішінде бірнеше елге ұшу, климаттың өзгеруі және кондиционері үздіксіз жұмыс істейтін орындарда ұзақ болумен байланысты болуы мүмкін.
Йоргеннің шынымен де қызуы көтерілді. Бұған қоса, бірнеше ойыншының жөтелі бар, тамағы ауырып жүр. Үнемі ұшу, кондиционерлер және ортаның жиі ауысуы өз әсерін тигізіп жатыр. Біздің делегацияда 50-ден астам адам бар, сондықтан ешкімнің ауырмауы таңғаларлық болар еді, – деді Сольбаккен.
Вирус команда нәтижесіне әсер етеді
Мамандардың айтуынша, халықаралық турнирлер кезінде спортшылардың иммунитеті әлсіреуі жиі кездеседі. Ұзақ сапарлар, ұйқы режимінің бұзылуы, жоғары физикалық жүктеме мен психологиялық қысым ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетіп, вирустық инфекцияларға шалдығу қаупін арттырады.
Норвегия құрамасы 11 шілдеде Майамиде Англиямен кездеседі. Бапкерлер штабы Маркус Педерсеннің осы матчқа дейін толық қалпына келеді деп үміттенеді. Ал команданың медициналық штабы қалған ойыншылардың денсаулығын жіті бақылап отыр.
Әлем чемпионаты секілді қысқа мерзімде өтетін турнирлерде тек шеберлік емес, футболшылардың денсаулығы мен физикалық дайындығы да шешуші рөл атқарады. Кейде бір ғана тұмау немесе вирус бүкіл команданың нәтижесіне әсер етуі мүмкін.
Біз бұған дейін Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн жайлы қызықты деректер жазған едік.