Жаңалықтар

«Анасы эфирге шықпайды». Жанар Байсемізова Жәнібектен хайп іздегендерге ашулы

«Анасы эфирге шықпайды». Жанар Байсемізова Жәнібектен хайп іздегендерге ашулы
Фото: Facebook/janibek.saveliev 21.02.2024 17:31 13773

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасының жүргізушісі Жанар Байсемізова бельгиялықтар асырап алған Жәнібекке қатысты ойын айтты,  деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі  nege.kz-ке сілтеме жасап.

Сайт тілшісі Динара Мыңжасарға Жанар Байсемізова Жәнібек әуелі «Отандастар» қорының көмегіне жүгінгенін айтқан.

«Отандастар» қоры арқылы байланысқа шықты. Сосын Инстаграм желісіне жазды. «Көмектесуден қашпаймын. Бірақ қазір уақытым болмай тұр, эфирге бағдарлама дайындап жатыр едім» деп айттым. Бір қарасам, «Қазақ радиосына» шақырған. «Жалғызсыратпай, журналистердің көмектесіп жатқаны жақсы болды ғой» деп қуандым. Алайда, бір хабарда «ДНК-сын тексеріп жатырмыз» деп бір көрсетті, екіншісінде «жаңа бір дерек шықты» деп тағы дүрліктірді. Бір балаға қатысты дүниені бөлек-бөлек жария етудің керегі не? Мен де журналистпін. Эксклюзив материал беріп, сенсация жасап, шулата аламын, - дейді ол.

Жоба авторы адамның жанды жеріне қалай тиюге болатынын білемін дейді. Бірақ бұл тақырыпта ондай махинацияны қолданбайтынын айтады.

Өйткені, тағы айтамын, мұнда адамның тағдыры бар. Бәлкім, анасын іздеп, тауып алып, содан кейін жариялау керек пе еді?! Өкінішке қарай, ақпарат құралдары кез келген нәрседен шу жасағысы келеді. Оқылым, қаралым көп болса екен дейді. Былайша айтқанда, хайп қуған заман болды ғой», – деп айтты. Басында қуанып едім, одан кейін бәрі жан-жақтан жұлмалап жатқанда біртүрлі көрінді. Жәнібектің туған анасымен қауышуына көмектескеніміз дұрыс қой. Оның биологиялық анасы өмірден өтіп кетпесе, елімізде тұрып жатса, баласын телеарнадан көрген де шығар. Бірақ мынадай шу болып жатқанда елдің алдына, эфирге шықпайды да. Оған біздің қазақы менталитет те жібермейді. Себебі, кезінде баласын қандай жағдайда тастап кеткенін сіз бен біз білмейміз ғой, - деді ол.

Жанар Басемізова тек сол баланың оқиғасын ғана таратып, дабыра жасап кеткенін түсінбей қалғанын жеткізді.

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасында да дәл сондай қаншама оқиға бар. Егер журналистер шынымен сол мәселеге жаны күйетін болса, үн қосқысы келсе, бағдарламадан үзіндісін кесіп алып тарататын еді. Біз де жоба арқылы талай баланың анасын, жақын туыстарын тауып берсек те, жария еткен жоқпыз. Олардың бәрі мұны ел-жұрт білгенін қаламайды. Себебі, бұл олардың жеке өмірі. Жәутеңдеген қаракөздерімізге жаны ашып, туған анасын тауып бергісі келген адам мұны айқайламай-ақ жасайды деп ойлаймын. Бұл – өз ойым, бәлкім қателесетін де шығармын. Бұл жерде бөлінбей, керісінше, бірігуіміз керек емес пе?, – деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға